31.03.2020, 15:05
Оқылды: 82

Теректідегі Ақсуат ауылының оқушылары қашықтан оқуға дайын

 Елдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқытылатыны баршаға мәлім.

21CB5CAC-F2F3-4576-9DD8-7A2649E236C2

Оқу процесіне "Балапан" және "Еларна" телеарналары тікелей қатысады. Яғни аталмыш телеарналар арқылы қазақстандық оқушылар білім алады.

Осы жайтқа сәйкес, Ақсуат ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен 13 аз қамтылған және көпбалалы отбасыға цифрлы телевизиялық "Интерактив Т90" құрылғысы берілді. Құрылғы 25 телеарнаны еш кедергісіз көруге мүмкіндік береді. Жергілікті кәсіпкер, "Ақсуат" шаруа қожалығының басшысы Болат Жұмалиевтің демеушілігімен жүзеге асқан сауапты іс арқылы ақсуаттық оқушылар толықтай қашықтан оқыту процесіне дайын.

DE893791-FEC3-4F2B-B9F5-61657DB2D7D4

- Ақсуат ЖОББМ-де 285 бала білім алуда. Елдегі ахуалға байланысты қашықтан оқыту жайы айтылғанда аз қамтылған отбасыларымыздың күйі алаңдатқан еді. Кәсіпкер мен округ әкімінің қолға алуымен енді мектебіміздің барлық оқушылары "Балапан" және "Еларна" секілді отандық телеарналарды көру мүмкіндігіне ие. Бұл білім ордасы үшін қуанышты жаңалық,- дейді Ақсуат ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асхад Маштаев.

Ақсуаттық жалғызбасты көпбалалы ана Халила Сисенова тосыннан келген жақсылыққа жадырап қалды.

- Балаларым үшін жасалған мүмкіндікке аналық көңілім көтеріліп, жаны жомарт жандарға алғыс айтқым келеді. Енді бізде білім алуға кедергі болмайды деп сенемін,- дейді ақсуаттық ана.

Дүлей дауылға айналған дертке кедергі деп емес мүмкіндік деп қарауымыз қажет. Жақсылық жасауға, отбасыға көңіл бөлуге, өз-өзіңді шыңдауға мүмкіндік. Қазір ауданда көмек тек азық-түлік яки бетперделер арқылы ғана емес, цифрлы телевизиялық құрылғы арқылы да көрсетілуде. Игі бастамалар жалғасын табады деп сенеміз.

 Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале