23.10.2018, 10:59
Оқылды: 53

Теректідегі кәсіпорында тәулігіне 150 тонна шикізат өңделеді

  Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов Ақсуат ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды. Алдымен ауыл қарттарымен кездесіп, дидарласты.

 terekti akim (3)

         Кездесу барысында ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы туралы ғибратты әңгіме өрбіп, ақсақалдар аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін Әділ Тауфиқұлы Пойма бастауыш мектебіне барды. Мектеп 1966 жылы ашылған, төрт оқу бөлмесі бар. Қазір мектепте 51 бала білім алуда. Бұл жөнінде мектеп директоры  Жанар Айтқалиева мәлімдеді. Сапар барысында мектепке қосымша құрылыс жасау мәселесі көтерілген еді. Ата-аналар мектептің апатты жағдайда тұрғандығын да алға тартқан. Аудан басшысы білім ошағын аралап, ата-аналармен тілдесті.

         Пойма ауылындағы «Жұлдыз» бөбекжайы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2007 жылы ашылған нысанда 40 балаға 18 педагог тәрбие береді. Балабақша директоры Ләззат Бекішова бөбекжайдың бүгінгі келбетін сақтап тұруы ата-аналар және жергілікті кәсіпкерлердің арқасы екендігін айтты.

         Бақандай 103 адамды, соның ішінде 80-нен астам теректілікті жұмыспен қамтып отырған «Теректі май комбинаты» ЖШС-ның қарқыны керемет. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған аталмыш кәсіпорынның шикізат қоры да жеткілікті. Тәулігіне 150 тонна шикізат өңдейді. Қазіргі уақытта тек өзіміздің елде ғана емес, сонымен қатар үш бірдей шет елге өз өнімдерін экспорттап отырған кәсіпорынның жүйелі жұмысы көңіл көншітеді. Аудан әкімі Әділ Жоламанов кәсіпорын директоры Көсем Исқақовпен жүздесіп, зауыттың тыныс-тіршілігіне қанықты.

         Сонымен бірге, аудан әкімі округке қарасты Әйтиев ауылындағы жылы жайдың құрылысын көзбен көрді. «Теректі өнімдері» ЖШС қолға алған аталмыш жылыжай құрылысы 4 гектар жерді алып жатыр. Бұл жерге 6 жылыжай салынып, халықтың игілігі үшін жұмыс жасайды деп күтілуде. Серіктестік өкілдері қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн. теңге несие алған.

         Осы қаржылай қолдау қоры арқылы 7 млн. теңге несие алып, жеке балабақша ашқан ақсуаттық Шайжан Нұрғалиев үкіметтің берген мүмкіндігіне риза. «Тұлпар» бөбекжайы қазір жұмысын бастап, 60 бала қабылдап отыр. Балабақша арқасында 13 адам жұмыспен қамтылды. Аудан басшысы қадамы нық, жоспары айқын кәсіпкерлерге қолдау таныту керектігін атап өтті.

terekti akim (2)

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале