17.10.2018, 17:28
Оқылды: 52

Теректіге Сенат депутаттары келді

БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова, Ерболат Мұқаев және Нариман Төреғалиев Теректі ауданының тыныс-тіршілігімен танысты.

 terekti (1)

Халық қалаулыларын аудан әкімі Әділ Жоламанов қарсылап, Ақжайық ауылы аумағындағы «Жайық – Шалқар» каналындағы қалқымалы су сору станциясын көрсетті. Мал жайылымын суландыру үшін Орал-Шалқар арнасына су толтыру мақсатында «RealStrоyInvest» ЖШС 2017 жылы басталған құрылыс аяқталған еді. Бұл құрылыс тек мал шаруашылығына емес, көкөніс, бау–бақша салуға да оңды ықпал етері сөзсіз. Осы канал көмегімен 300 мың га жер суландырылмақшы.

Содан кейін, депутаттар  Ақжайық ауылындағы бірқатар нысандарды аралады. 2012 жылы пайдалануға берілген 120 орындық Ақжайық ауылындағы «Айгөлек» балабақшасына ат басын бұрған қонақтар бөбекжай ұжымы және тәрбиеленушілермен тілдесті.

Теректі аудандық аурухана директоры Бекзат Құбаев өзі басқарып отырған мекеменің бүгінгі күй-жайын баяндады. Аурухана күніне 50-60 адамды қабылдайды. Дегенмен, дәрігер жетіспеушілігі де бар. Күні бүгін аурухана 4 маманға зәру.

Депутаттар барған Ақжайық мектебі 1926 жылы ашылған. Қазір 517 оқушыға 70 мұғалім білім беріп отыр. Мектеп ішінде көрер көзге тартымды музей де ашылған. Сенат депутаты Бірғаным Сарықызы мұғалімдердің ағылшын тіліндегі сауаттылығына куә боп, оқушылардың арман-мақсаттарын сұрады.

Ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесуге Шалқар, Аңқаты, Ақсоғым, Шағатай, Ақжайық ауылдық округінің тұрғындары, ардагерлер, білім беру, медицина саласының қызметкерлері және жастар қатысты. Жиындағы басты мәселе – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауын талқылау. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова аудандағы жұмыстарға оң баға беретінін жеткізіп, Елбасы жолдауына кеңінен тоқталды.

-Жолдаудың басты негізі – қазақстандықтардың әл-ауқатын аттыру боп табылады. Елбасы жолдауын халыққа жеткізу мақсатында барлық комитеттер, Сенат, Мәжіліс депутаттары еліміздің түкпір-түкпірінде осындай кездесулер өткізуді жолға қойды. Қарапайым халықпен бетпе-бет жүздесіп, сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдауды құп көреміз, - деді Бірғаным Сарықызы.

Жиын барысында Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев және Ерболат Мұқаев жолдауда көрсетілген 10 басым міндеттің әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.

Кездесуден кейін халық қалаулылары Долин ауылы маңындағы Тақсай ханшайымы кесенесінде болды.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

terekti (2) terekti (4)

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале