13.05.2019, 10:53
Оқылды: 36

Теректілік «Дат» театры жаңа қойылым ұсынды

Құрылғандарына 3 жылдан астам уақыт өткен халықтық «Дат» театры жас болса да облыс көлеміне танылып үлгерген-тұғын. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан ашылған театр өткен жылы облыстық халықтық театрлар арасында өткен байқауда гран-при иеленді. Содан соң «Халықтық» атағын еншілеп, бір сәтке тыншып қалған болатын.

 IMG_0081

         «Дат» осы кезге дейін «Қара шекпен», «Алғашқы махаббат» және «Сергелдең болған серілер» атты қойылымдарымен елдің есінде қалып, қалың көрерменнің махаббатына бөленіп үлгерген. Теректіліктер сүйікті театрын көп күтті. Бақандай бір жыл сахнадан көрінбеген ұжым Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арнап дайындаған қойылыммен жарқ етті.

         Көрерменге ұсынылған М.Томановтың «Қыздарым менің» драмасы сұрапыл соғыстан оралмаған қазақ бойжеткендерінің рухына арналған. Бұрымдары желбіреген үш қазақ қызы – Салтанат Искакова (Алия Шин), Қаракөз Мусинова (Гүлнар Қабиева) және Балауса Ақанқызы (Кәмшат Қадырғалиева) қан майданға аттануға бекінген. Оларға санаулы күндер ішінде соғыс тактикалары үйретіліп, жау тылына барлауға жіберу үшін дайындық жұмыстары өтеді. Осы кезде қазақ қыздарының өжеттігіне, қайсарлықтарына еріксіз тәнті боласың. Ал лейтенант Мұрат Сағындықовтың (Айбек Дәулетқалиев) мінезі туралы сөз бір басқа. Бойында қаталдық пен өрімдей қарындастарына деген құрмет, соғысқа деген ыза мен кек қатар орныққан лейтенант қойылым соңында қаза тапқан өзінің қызын еске алып көзіне жас алады. Зал сілтідей тынады. Қыздың әкесіне жазған хаты оқылғанда әр көрермен көз жасын сығып алғаны жасырын емес. Осы кезде майданға аттанатын үш қыз лейтенант Сағындықовты әкесіндей көріп, бауырына тығылады. Қару асынған қыздардың біреуі соғыста жүрген сүйген жігітін ойласа, енді бірі айдауда жүрген әкесін, ал үшіншісі ашаршылық жылдары аштан өлген анасы мен бауырларын ойлап егіледі. Он күн дайындықтан сүрінбей өткен қыздар тапсырмаға дайын болады. «Сағыныш» атты бұл құпия топқа сержант Кәрім Аюпов (Нұрсұлтан Қадырғалиев) та қосылып, жау тылына аттанады. Берілген тапсырманы үш ай бойы жанқиярлықпен орындаған үш қыз да кезекті тапсырма кезінде жаумен шайқасып ерлікпен қаза табады.

         Драма аяқталғанда зал дүр сілкінді. Қошемет. Өз рөлдерін өне бойларын өткізген әртістерге деген құрмет. Өнерге деген махаббат. Осындай жүрекке жеткен туындыны халықа ұсынған театр режиссері Жамбыл Заевтың да еңбегін ерекше атап өткен дұрыс. Бұл -  бір жылдық үзілістен соң «Даттың» әдемі оралуы деп қабылдадық.

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

IMG_0092 IMG_0144 IMG_0153

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале