2.07.2020, 9:09
Оқылды: 133

Теректілік түлек ҰБТ-дан 131 балл жинады

Биыл Теректі ауданында алтын ұясымен қоштасқан 303 шәкірттің 263-і ҰБТ-ға қатысып, бағын сынады. Білім додасының нәтижесіне сүйенсек, аудан бойынша орташа балл 69,1-ді құрайды. 45 шәкірт 100-ден жоғары балл жинаған. Ең жоғары 131 балл Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының түлегі Нұрсұлтан Утегалиевке бұйырды.

4079CFD2-149D-440C-91E5-87A8E37BCC1F

Нұрсұлтан Жұмабайұлы - Долин ауылдық округінің тумасы. Гимназияда 2015 жылдан бері оқиды. «Алтын белгі» иегері. Таңдаған пәндері - география және математика. Оқу сауаттылығынан - 19, математикалық сауаттылықтан -18, географиядан – 36, Қазақстан тарихынан – 18, математикадан 40 балл жинады.

Сынақта өзгелерден оқ бойы озып шыққан Нұрсұлтанмен телефон арқылы тілдескен едік. Ол ұстаздары мен ата-анасына алғыс айтып, қатарластарына  қалаған оқу орындарына түсіп кетуін тіледі.

Нұрсұлтанның 7-сыныптан бері сынып жетекшісі Гүлнұр Шайхиева шәкіртінің жуырда география пәнінен республикалық олимпиадаға қатысатынын айтты. Жарты жыл бойы пәндік олимпиадаға дайындалған оқушысының ҰБТ-дан ең жоғары балл жинағанын нағыз ерлікке балайтынын да жасырмады.

Ауданымыздың мәртебесін асқақтатып, мерейін тасытқан Нұрсұлтан Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуды жоспарлап отыр.

 Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале