6.11.2018, 15:02
Оқылды: 67

Теректілік жастар кәсіпкерлермен кездесті

Теректі аудандық жастар ресурстық орталығы және«Іс үшін-За дело» ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Ауылдың гүлденуі жалынды жастар қолында» атты кездесу өтті.

1 на выбор

         Оған облысымыздың табысты кәсіпкерлері мен аудан жастар қатысты. Басқосу барысында жас кәсіпкер Асxат Рамазанов жергілікті жастарға бизнесті дамытудың түрлі тәсілдерін үйретіп, кездескен қиындықтарды жеңу жолдарын көрсетіп, алға дұрыс мақсат қоя білу турасындағы кеңесін айтты.

         -Оралда алғаш рет «Fiesta» атты ерлер киімін сататын дүкенімді ашқанда, мен де кәдімгідей қорықтым. Ойлаған мақсатыма жете алмай, шығынға ұшыраймын ба деп те ойладым. Бірақ, «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой атам қазақ. Тәуекел деп бастадым. Соның жемісі - бүгінгі таңда Орал қаласындағы ойын-сауық орталығы «Alem plazaда» дүкенім бар. Әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс қабылдаймыз әрі республика көлемінде тауар жеткізіп беруді қолға алдық. Кәсіп бастау негізі оңай, ал діттеген мақсатқа қол жеткізіп, кәсібіңді әрі қарай дамыту кез келгеннің қолынан келмейді. Бизнес бастаған әр адам бірінші алдына дұрыс мақсат қоя білуі тиіс. Кәсіпкерлікке қатысты түрлі тренингтерге қатысып, біліктілігін үнемі ұштап отыруы қажет. Жалпы табысқа жету үшін жан мен тәннің үйлесім табуы маңызды. Бұл орайда күн сайын жұмысыңызды көңілді әрі сергек бастау үшін спортпен айналысуға кеңес беремін, - деді Асxат Рамазанов жастарға.

         Кездесуде теректілік  кәсіпкерлер: Подстепное ауылындағы «Мерси» кафесінің қожайыны Майра Исенова, жергілікті меценат Сержан Идиятовтың «Теректі» шаруашылығына басшылық ететін Мансұр Төлегенов өздерінің іс-тәжірибелерін ортаға салып, келешек жоспарлары жөнінде баяндады.

         Шараға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Иxсанов пен «Атамекен» ҰКП менеджер-кеңесшісі Ержан Ткешев қатысып, мемлекетіміздегі шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды түсіндірді.

         Кездесу соңында жастар кәсіпкерлерге сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале