12.09.2019, 16:44
Оқылды: 71

Теректілік жеке шаруашылықтарға қосымша 168 230 гектар жер керек

Бұл жайлы Теректі ауданындағы қоғамдық кеңестің төртінші отырысында айтылды.
shop seno

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Тайман Нұрғалиев «Теректі ауданының 2019-2020 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» аудандық мәслихат шешімінің жобасын баяндады.

- Қазіргі уақытта ауданымыздың барлық санаттағы шаруашылықтары 48342 мүйізді ірі қара, 68599 ұсақ мал (қой, ешкілер), 11482 жылқы және 44700 құс өсіріп отыр. Ауданда 7 мал дәрігерлік пункті, 7 қашырым пункті және 19 мал моласы бар. Ауыл шаруашылығы жануарларын қамтамасыз ету үшін 421224 гектар жер пайдалануға берілді. Мал санының өсуіне байланысты кейбір ауылдық округтерде 295516 гектар жайылымдық алқап жетіспейді. Шаруа қожалықтары мен жеке шаруашылықтарға қосымша тағы да 168230 гектар жер керек. Бұл мәселелерді шешу үшін қордағы жерлерді бөлу кезінде есебін ұлғайту қажет. Бүгінде Ақсуат, Богданов, Покатилов, Новопавлов, Шаған, Ақжайық және Шалқар ауылдық округтерінде қашырым пункттерінің құрылыстарын салуды жоспарлап отырмыз. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі қосымша сызбалар terekta-maslihat.kz сайтында орналастырылған. Ал шешімнің толық нұсқасы «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінде жарияланды, - деді Тайман Ергенбайұлы.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев пен Покатилов ауылдық округінің зейнеткері Ерғали Бекетов ауыл маңындағы жайылымдардың көбі шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі болғандықтан, қарапайым тұрғындар малдарын қайда жаярын білмей жүргенін айтты. «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Букенбаев: «Әр малдың жайылуына қанша гектар жер қажет? Малдарының саны 20-дан асқан адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек пе?» - деген сұрақтарын қойды.

Бөлім басшысы Тайман Нұрғалиев: «Ауданымызда бұл мәселелер бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Пайдаланылмай бос тұрған жерлерді қайтарудамыз. Жалпы әр малға норматив бойынша 10 гектарға дейінгі жер тиесілі. Қазіргі таңда округ әкімдерімен келісіп, жайылым жағын ұйымдастырып жатырмыз», - деп қысқа да нұсқа жауап берді.

Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет мониторингі және ақпараттандыру бөлімінің бас маманы Бибігүл Ақташева мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөнінде мағлұмат берді. Бибігүл Арсенқызының баяндауынша, 15 ауылдық округ пен мекемелерде «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары» ашылып, 8 айда 1363  қызмет көрсетілген.

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале