20.02.2020, 10:49
Оқылды: 198

Теректіліктер эстафетаны табыстады

Қазақстан халықтарының бірлігі мен ұлтаралық татулықты нығайтуды мақсат еткен «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы жобасы аясында Теректіліктер Бөрлі ауданына  эстафетаны табыстады.

borli estafeta (2)

Ауылы аралас, қойы қоралас қос ауданның достығын арттырған жоба бірнеше игі шараларды қамтыды. Бөрліліктер  Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов бастаған делегацияны құшақ жая қарсы алды. Алдымен қонақтар қазақы дәстүр бойынша ақтан дәм татып, наннан ауыз тисе,  «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі ән мен жырдан шашу шашты.

borli estafeta (3)

Айта кетелік, бұл жобаға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов пен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсановалар арнайы қатысты. Құрметті меймандар алдымен Жеңіс алаңындағы белгісіз солдат мемориалына гүл шоқтарын қойды. Одан әрі Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов сөз алып, бөрліліктердің 30 пайызы өзге ұлт өкілдері болса да, олардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығына тоқталды. Ұлттар мен ұлыстардың өзара ынтымағын нығайту мақсатында мұнда  8 этномәдени бірлестіктер жұмыс жасайды екен.

borli estafeta (4)

- Қазақстан халықтары Ассамблеясы елдегі бірлік пен татулықтың, ұлтаралық достықтың символына айналды. 29 ұлт пен ұлыс өкілдеріне мекен болған Теректі ауданында әр түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін, тарихын, өнерін біріктірген «Достық» үйі бар. Бұл жерде 7 мәдени орталық жұмыс жасайды. Мұндай шаралар бізге елдігімізді көрсету үшін   қажет - деді өз сөзінде Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов.

Жоба аясындағы екінші алаңда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Елбасының тарихи рөлі тақырыбы қозғалса, тағы бір алаңға жиналған ақ жаулықты аналар Рухани жаңғыру бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі БҚО ҚХА аналар кеңесінің атқарған жұмыстарын саралады. Әр жүрекке шырай сыйлайтын бұл жоба облысымыздың барлық ауылы мен аудандарын аралап, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың іргесін нығайтып, ұлт пен ұлыс арасындағы достастықты одан әрі жандандырып келеді. Кеш соңында Теректі ауданы көркемөнерпаздары бөрлілік көрерменге тамаша мерекелік концерт сыйлады.

Өз кезегінде Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов әріптесі  Миржан Сатқановқа жоба эстафетасын салтанатты түрде табыстап, естелік сыйлықтар табыстады.

 

                                                                       Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале