31.10.2018, 11:04
Оқылды: 62

Теректіліктер қайырымдылық жасады

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев қайырымдылық айлығы аясында Орал, Көшім, Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы теректіліктермен кездесті.

terekti (1)

         Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалпы қамқорланушылар саны – 543. Соның 22-сі – Теректі ауданының қариялары.

         Тағдыр тауқыметін тартқан, көздерін мұң басқан, бала-шаға, немере-жиендерін сағынумен күн кешкен ата-әжелердің құлазыған көңілдерін көтеру үшін ауданымыздың өнерпаздары барын салды. Жалынды жастық шақты еске түсіретін Шәмшінің «Сыр сұлуы» әнін (орындаған - Гүлназ Құсайынова) естіген қамкөңіл жандар көз жастарына ерік берді. А.Дәулетқалиев, А.Ажғалиева, К.Қайырғалиева, Қ.Сағидуллин, З.Қалмағанбетова, С.Изделеев сынды түрлі жанрда ән салған әншілерге риза болған көрермен бір-бірін биге шақырып, бір серпіліп қалды.

         Ауылының хабарын күткен жерлестерге аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов ақжарма тілегін арнады:

         -Бүгін сіздермен жүздесу үшін арнайы келдік. Жыл сайын сіздермен қауышып, жағдайларыңызды біліп жүрміз. Осы сәтті пайдаланып, сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сонымен қатар, сіздердің күн сайын қастарыңызда жүріп, жағдайларыңызды жасап жүрген қызметкерлерге алғысым шексіз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, - деп Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Амангелді Ғазисұлына аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан алғыс хат табыс етті.

         Мерекелік дастарханмен жалғасын тапқан шарада қариялар әңгіме-дүкен құрып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

         Әр қарияға бағалы сыйлық табыс еткен аудан делегациясына қариялар алғыс-тілектерін жаудырды.

         Содан соң Алтай Серғазыұлы бастаған бір топ делегация Көшім (ауданнан 18 жасқа дейінгі 3 бала) мен Круглоозерный (23 теректілік бар) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына барды. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысы Кемел Сатбеков пен Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Мұрат Кенесаринге аудан әкімі Әділ Тауфикұлының алғыс хатын табыстады.

         Жиында Сәлім Асанұлы мен Арайлым Махметқызы да сөз сөйлеп, жерлестеріне арнайы әкелген сыйлықтарын ұсынды.

terekti (3)

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА, 

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале