15.05.2019, 16:13
Оқылды: 266

Теректінің қияры саттыққа шықты

«Жайық Жасыл Желек» ЖШС Теректі ауданы Подстепное округінің аумағында, күре жолдың бойында жолаушылар тынығатын үлкен кемпинг салуда.

IMG20190514155454

         Бой көтерген құрылыстың енді ішкі әрлеу, коммуникациялар жүргізу жұмыстары бар. Асхана, жатын орыны жайланған кемпинг жол жүрген жолаушыларға жайлы орын болайын деп тұр. Дегенмен, біз кемпинг емес, ауладағы жылыжайға тамсандық.

Серіктестік басшысы Арман Ғаббасов итальяндық газотурбиналық қондырғымен жасайтын жылыжай салып, қияр еккен. Табиғи газбен жұмыс жасайтын генератор арқылы 1 140 шаршы метрде жылыжай температурасын қалыпта ұстап, күтіп-баптайды.

Нәтижесін көзбен көріп, қолмен ұстауға болады. Мамандығы агроном Арман жылыжай ұстаудың тілін тапқан.

-Жылыжай салуды «аным үшін, қызығушылықпен қолға алдым. Қазір тек қияр салдық. Аз-аздап саттыққа шығарып жатырмыз. Басқа да көкөніс түрлерін өсіреміз деген ой бар. Бес-алты түп қарбыз отырғыздық. Байқап көреміз,-дейді Арман.

Тізіліп тұрған қияр желілерінде гүлдеп тұрғаны, жемісін бергені де бар. Бұл жылыжайдың алғашқы өнімі.

Бес адам жұмыс жасап жүрген шаруашылықтың алдағы жоспары үлкен. Құрылыспен қатар көкөніс өсіріп, отыз шақты адамды жұмысқа тартамыз деп отыр.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале