6.08.2020, 12:19
Оқылды: 34

Тізгіндеп «темір тұлпарды»

Тамыз айының алғашқы жексенбісі - көлік қызметкерлерінің төл мерекесі! Елмен елді жалғастырып, алысты жақын қылып, діттеген жерімізге шу етіп жеткізетін көлік саласы қызметкерлерінің еңбегі шаш-етектен. Осындай асыл жандардың бірі – Теректі ауданы, Долин ауылының тұрғыны  Сағындық Қалауов.

7173F9C9-E0FE-4FE5-BC75-F16EDA030AC4

Ол кісіні нағыз шопыр десе де болады. Өйткені Сағындық аға 19 жасынан бастап көлікті тізгіндеген. «Темір тұлпардың» құлағында ойнаған кәсіби маман ұзақ жыл өңірдің өркендеу жолында  қажырлы еңбек еткен.

– Долин ауылының төртінші бөлімшесінде, яғни Ақсай деген жерде 1945 жылы дүниеге келдім. Бала кезімнен машина жүргізуге құштар болдым. Ауылда бір-екі шопырдың машина жүргізгенін қызық көруші едім. Ер жетіп, өзім де рөлге отырдым. Кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге кеттім. Елге келген соң, қайтадан темір тұлпарға «жабыстым». 1963 жылы училищеге түсіп, шофер мамандығын алып шықтым. Тракторды да тізгіндедім. Шопырлық қызметте жүргеніме 30 жылдан асқан екен, – дейді кейіпкеріміз.

Жалпы, қай мамандықтың да оңайы жоқ. Күннің аптап ыстығында, қыстың қақаған аязы, күздің жауын-шашынында да жүретін – осы шопыр деген «халық». Қазіргінің «современный» шопырларына сәл жеңілдеу болар, бәлкім. Себебі техниканың заманы! Ал бұрынғы совхоз, колхоз кезіндегі шопырларға қиыны қиын болған деседі. Дейтұрғанымен, олар ыстық-суыққа төзімділік танытып, өздеріне тапсырылған жұмысты аса зор жауапкершілікпен атқара білген.

– Ол кезде машина да ескі-құсқы. Тақтайдай тегіс жол да жоқ. Күндіз-түні жарғақ құлағымыз жастыққа тимейтін. Көлікті аса бір жауапкершілікпен, сақтықпен һәм темірдей тәртіппен жүргізуші едік. Машинаны жүргізу үшін арнайы оқып, маңдай терімізді төгіп білім аламыз. Ал қазір ше? Екінің бірі оқымай-ақ та, көлікті жүргізе береді, – деп пікірмен бөлісті тәжірибелі маман. Тіс қаққан маман сөзінің жаны бар.

Адам ұрпағымен көрікті. Сағындық Ишанұлы – жолдасы Зәмзия апай екеуі үш бала тәрбиелеп, қазіргі таңда немере, шөбере сүйіп отырған ақылгөй ата. Сүйікті мамандығын өзге мамандыққа айырбастамай, бір салада жылы орнын суытпай қызмет еткен кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі!

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале