14.11.2018, 12:30
Оқылды: 17

Төлеген ТӨРЕҒАЛИЕВ: «Еңбекте ең басты нәрсе – табыс емес, тәжірибе»

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сырым колледжінің оқу базасымен танысып, кейін студенттермен жүздесті.

 syrym akim (6)

Сырым колледжінде бүгінгі күні 146 студент ЭЕМ операторы, газбен дәнекерлеуші, электромонтер, аспаз және фермер шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда. Бұл мамандықтардың әрқайсысының потенциалдық мүмкіндігі зор әрі жеке кәсіп есебінде де ерекшелігі бар. Аудан басшысы мен студенттердің арасындағы әңгіме осы кәсіптік білімді сапалы игеру мен оны болашақта табысты кәсіпке айналдыру, мамандық бойынша жұмысқа орналасу мәселелері жөнінде өрбіді. Кәсіп бастаудың алғышарттары мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану жолдарын аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сырым аудандық филиалының басшысы Айдынғали Балғалиев, халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев түсіндірді. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат колледж студенттері үшін, жалпы жастар үшін мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік алу мен қатысуға жәрдемдесуге орталықтың дайын екендігін айтты.

Студенттер бұдан бөлек, аудан әкімінің алдында колледждің базасын кеңейту, студенттерге арналған оқу ғимараты, спорттық зал мен жатақхана салу мәселелерін көтерді. Колледж қазіргі таңда ветеринар мамандарды даярлайтын арнайы мамандық ашуды жоспарлап отыр екен. Оқу өндіріс шебері Ерлан Ығылманов ветеринарлар үшін бөлек корпустың керек екендігін, жаңа құрылыстың мүмкіндігі әзір болмаса, аудан орталығындағы ескі ғимараттардың бірін оқу және тәжірибе жұмыстары үшін бейімдеу туралы ұсыныс айтты. Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев ұсынысты қолдауға болады деп отыр.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің мемлекеттік қызметке дейін ауылшаруашылық саласында еңбек еткені, нақтырақ айтқанда шаруашылық құрылымды басқарғаны белгілі. Ол жастармен өзінің еңбек тәжірибесімен бөлісті:

-Жұмыстың жаманы жоқ. Еңбекте ең басты нәрсе – табыс емес, тәжірибе. Тәжірибелі маман табысты маман бола алады. Әрине, бесаспап болу бүгінгі күннің талабы шығар, бірақ бір мамандықты жетік меңгерген адам да далада қалмайды. Мен жастардан білім алуға берілген мүмкіндікті барынша пайдалануды, өз саласының білікті маманы атануға ұмтылуды сұраймын,-деді аудан әкімі.

Кездесу барысында белгілі болғандай, колледж студенттерінің дені жеке кәсіп ашуға ықыласты екен. Сол себепті мамандардың тәжірибесін тыңдау, бизнесті құру туралы курстарға қатысу олар үшін өте тиімді болғалы отыр. Аудан басшысы бұл жұмыстарды қазірден бастап қолға алуды тапсырды. Бірінші дәрісті студенттерге аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің өзі оқитын болды.

         Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат колледж студенттері үшін курстар мен дәрістерді ұйымдастыруға орталық барлық жағынан жәрдемдесуге дайын екендігін айтты.

syrym akim (1) syrym akim (2) syrym akim (3) syrym akim (5) syrym akim (8) syrym akim (10) syrym akim (11) syrym akim (13)

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале