4.04.2018, 16:47
Оқылды: 54

«Төтеншеліктер тұтқа көтермеді» дейді үйін су басқан ақсайлық (ВИДЕО)

Бөрлі ауданы Қызылталда екі үйді су басып кетті.Бөрлі ауданында еріген қар суы екі тұрғын үй мен төрт ауланы басып қалды. Төтенше жағдай Ақсай іргесіндегі Қызылтал шағын ауданында тіркелді. Тұрғындарға төтеншеліктер көмекке келіп, арнайы техникалар суды сорып жатыр.

Кеше кешкісін Ғайниевтардың шаңырағына қардың суы «басып кірген». Лап берген лай судың деңгейі бірнеше минутта 15 см дейін көтерілген. Судың екпінінен еден көтеріліп, қабырғалары сыз тарта бастапты. Отбасының жиһаздары мен тұрмыстық техникаларының барлығы жарамсыз. Тұрғындар дер кезінде көмекке келмеген төтеншеліктерді кінәлайды. «Төтенше жағдай қызметіне хабарластым, тұтқаны алмады. Үйде тек үлкен кісі мен жолдасым болды. Қалалық әкімдікке де звандадым. Құммен болса да көмектесіңдерші дедім. Екі үйге де су кірді» дейді қызылталдық Алтынбек Ғайниев.

Жылдағы көріністен жалыққан тұрғындар бұл жағдайға осыдан екі жыл бұрын салынған ауылішілік жолдардың жанында арықтар мен суағар құбырлардың салынбауы себеп деп ашынады. Айтуларынша, ауылдың жоғары жағынан келген қар суының ағар басқа жолы жоқ. «2016  жылы Қызылталдың көшелеріне жол салынды. Сонда халықпен келіспей, қарамай, су ағатын жердің барлығын бітеп тастады. 2017-2018 жылдары мына бес үй суға кетіп тұр. Арғы көшелерде тағы үйлер бар кетіп жатқан. Тұрба салынған жоқ. Соның кесірінен суға кетіп жатырмыз» дейді қызылталдық Орынғали Сарқұлов.

Ал билік өкілдерінің айтар өз уәжі бар. Қар суы кірген үйлерге арнайы келген аудан әкімі Алдияр Халелов аталған жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі екенін айтты. «Жеке секторға әр тұрғын өздері жауапты. Тіпті кей аулалардан қар шығарылмаған. Кешеден бері осы шағын ауданда жүрмін. Қолына күрек алып, жыра ойып жүрген ешкімді көрмедім. Аудан әкімі әр үйдің ауласындағы суды сору керек деген түсінікті қою керек» деп атап өтті Алдияр Сансызбайұлы.

Шынымен де төтеншеліктер жұмыс жасап жатқан аймақтан біз де тұрғындардың қарасын көрмедік. Тіпті ауласында су сорылып жатқан баспананың есігі кілттеулі тұр.

Аудан әкімінің тапсырмасымен аталған жағдай бойынша жедел комиссия құрылды. Тіркелген жағдай бойынша арнайы акт жасалып, қорытындысын жақын күндері Бөрлі аудандық төтенше жағдай қызметкерлері береді.

Бөрлі аудандық баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін қала бойынша 74 мың текше метр қар шығарылып, 5 мың текше метр су сорылды, 41 шақырым арықтар тазартылды. 33 техника жұмылдырылып, аудан бойынша 19 тонна жанар жағар май, 150  тонна инертті материалдар, 10 мың қап дайындалды.

Су тасқыны болған жағдайда құрамында 81 адам, 39 бірлік техника мен қайық дайын тұр. Жеке секторларға су кіру қаупі төнген жағдайда арнайы құрылған аудандық су тасқынының  алдын алу штабы нөміріне (8(71133)20931) хабарласуға болады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале