15.01.2021, 16:20
Оқылды: 259

Тозығы жеткен білім ордасына күрделі жөндеу қажет

Мемлекетіміздің басты байлығы – адам. Cебебі халық мемлекеттің негізін құрайды. Ал еліміздің ертеңі жастар һәм өскелең ұрпақ екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Тәуелсіздік алғанымызға да табаны күректей 30 жылға таяу. Осынша уақыт өткен кездің өзінде ауыл мектептерінің бүгінгі хәлі адам аярлықтай десек, жаңылыспайтын шығармыз. Солардың қатарында Жаңақала ауданына қарасты С.Меңдешев ауылдық округінде орналасқан Карманов жалпы орта білім беретін мектеп балабақшасы бар. Апта басында кезекті іссапармен С.Меңдешев ауылына барып, білім ордасын өз көзімізбен көріп қайттық. Жөндеуді қажет ететіні сыртынан-ақ білініп тұр. Ішіне кіріп, басымызды шайқадық. 1985 жылы пайдалануға берілген мектептің қазіргі сиқы шын мәнінде көңіл көншітпейді. Едендері қырық жамау, терезелерінен жел гулеп тұр. Карантин режиміне байланысты жұмыс істемей тұрған асханасына да бас сұқтық.

Тозығы жеткен білім ордасы (1)

«Күрделі жөндеуді күтіп жүрміз...»

 - Білім ордасына 2018 жылы директор болып тағайындалдым. Мен келгенге дейін де мектептің ішкі қалпы осындай еді, қазір де сол күйі тұр. Қолдан келгенін жасап қоямыз. Күрделі жөндеу қажет деп жыл сайын ұсыныс түсіріп келемін. Қазіргі таңда мектебімізде 128 бала білім алуда. Одан бөлек 25 оқушы мектепалды даярлықта тәрбиеленіп жатыр. Балабақшада 10 бала болса, шағын орталықта 15 бала бар. 11-сыныпты 12 бала бітіргелі отыр. Одан кейінгі сыныптарда бала саны жоғары. Өсім бар. Алла бұйыртса, 140 оқушыға дейін жетеміз бе деп отырмыз. Мектебімізге 2007 жылы ғана шағын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Техникалық төлқұжат бойынша гарантия 30 жыл екен. Ал ғимараттың салынғанына 35 жылдан асып отыр. Мектептің жағдайын аудандық білім беру бөлімінің басшысы да, аудан әкімі де жақсы біледі. Басшылық тарап та қолдарынан келгендерін жасап жатыр. Былтыр спорт залымызға жаңа терезе алып берді. Соның өзі көмек болды. Дегенмен оқушылардың талапқа сай мектепте алаңсыз білім алғанына не жетсін?! Биыл жөндеу жасалатын шығар деп үміттенеміз, - дейді осы мектептің директоры Асхат Төлеуғалиев.

«Мектептің жағдайын жақсы білеміз»

 Тозығы жеткен білім ордасы (11)

- Ауданымызда орналасқан барлық мектептің жағдайын бір кісідей білемін. Қолдан келген нәрсені жасап жатқан жайымыз бар. Жөндеуге бөлінген ақшаға керек нәрселерді алып бердік. Күрделі жөндеудің мәселесі республика көлемінде шешіледі. Құжаттары дайындалып, ол расталып, содан кейін қаражаты бөлінеді. Бірақ, күрделі жөндеу заң бойынша бала саны көп мектептерге бірінші жүргізіледі. Сол себепті реттілікті сақтаймыз. Биыл Д.Нұрпейісова атындағы мектеп пен М.Мирманов атындағы мектепке күрделі жөндеу өтуі мүмкін, ал Карманов жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасына биыл күрделі жөндеу өтпейді, - деп жауап берді аудандық білім бөлімінің басшысы Руслан Ғұмаров біздің қойған сауалымызға.

Мектеп іші – төбе шашыңды тік тұрғызады

Мектеп іші төбе шашыңды тік тұрғызады. Мектеп ғимаратын суреттеуге сөздік қорымыз таусылып отырған жоқ, десе де кемшілікті дер кезінде айту – біздің жұмысымыз және парызымыз. Терезелердің барлығы дерлік тозған. Жел айдамайтыны жоқтың қасы. Төбедегі электр жарығының да қорғаныш қақпағы кейбірінде жоқ, кейбірінде тұйықталған жерлері көрініп тұр. Есіктері де ескірген, едендегі кафельдер сынған, бір сөзбен айтқанда барлық нәрсенің тозығы жетіп, өңі кетіп тұр. Сабақ өтіп жатқан кабинеттерді де араладық. Төбеден кеткен су қабырғаларды бүлдіріп, сәнін кетіріп тұрғаны жасырын емес. Төбедегі сылақтың күл паршасы шыққан қабыршақтары да жүйкеңде ойнайды. Спорт залдағы ауыспаған терезелерге пакет жабыстырып қойыпты. Жел келмесін деп жасалған нәрсе ғой. Бірақ, спорт залдың жылы болуына ол да көмектеспейді. 3-4 минут тұрғанның өзінде қатып қалдық, 40 минут сабақ болғанда оқушылар қалай жүреді екен?..

Тозығы жеткен білім ордасы (4)

Жастарға сoworking қажет

С.Меңдешев ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жөніндегі кеңесші Айымгүл Жасұланқызының да айтары бар екен. «Мектептен бөлек, ауыл жастарына сoworking орталығы керек. Аудан әкімінің ауыл жастарымен кездесуінде айттым. Ол кісі бос тұрған ғимарат болса, жасақтап береміз деп жауап берді. Қазір көп шара онлайн түрде өткесін білініп жатқан жоқ. Шағын адаммен өтетін нәрселерді ауыл кітапханасында өткізіп жүрміз. Жастармен бас қосып, түрлі шаралар өткізейік десек, орын жоқ. Әкімшілікте орналасқан мекемелерді қозғай алмайды ғой. Өз алдымызға бөлек кабинет болса, жақсы болар еді?! - дейді А.Мүбаракова.

Түйін

 «Мемлекеттің басты құндылығы – адам» деген қағиданы мақаламыздың басында айтқан едік. Осы кезге дейін істелген игілікті істер де аз емес. Қазіргі оқушы ертеңгі маман, ал ертеңгі маман болашағымыздың кепілі емес пе?! Ендеше, жауапты тұлғалар қажетті құжаттарды осы бастан дайындап, күрделі жөндеуді тездетіп қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді?!

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» демеп пе еді бұрынғы өткен ата-бабаларымыз? Суық мектепте сабақ беру мұғалімдерге де оңай емес. Оқушылар да барлық талапқа сай мектепте білім алғысы келеді. Біреуді жазғырайын деп я болмаса екі тарапты бір-біріне қарсы қояйық деген ниетіміз жоқ. Бар болғаны мектептің қазіргі жағдайын боямасыз қаз-қалпында қалың оқырманға жеткізуді жөн санадық. Жаза алмасақ бізге серт, орындай алмаса жауапты жандарға серт. Ұрпақ қамын осы бастан ойлайық, әрекет жасайық!

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале