25.01.2017, 12:15
Оқылды: 72

Трекин ауылы жиі жарықсыз қалады

Zelenov akiminin esep beru kuni  Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов Январцев, Рубежин, Трекин округтерінде есептік кездесу өткізді.


  Январцев ауылының әкімі Абылай Жұмағалиев округте 35 орта бизнес нысаны тіркелгенін айтты. Мұнда егіншілер әр гектардан орташа есеппен 25 центнер өнім алған. Январцев мектебінің шатыры ауыстырылып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Январцев, Кирсанов, Чинарев, Спартак, Петров ауылдарына көше жарықтары орнатылған. Петров, Кирсанов, Спартак елді мекендеріне кіре беріс жол тегістеліп, жөндеуден өткізілген. Красноармейск ауылдық клубына күрделі жөндеу жалғасуда. Шешімсіз мәселелер де жоқ емес. Кирсанов ауылына газ тарту, Чинаревқа су жіберу мұнарасын ауыстыру болашақтың еншісінде қалған.

  Рубежин тұрғындары жыл сайын айтатын ауылдық клубты күрделі жөндеуден өткізу мәселесі өткен жылы шешімін тапты. Аудан әкімі Кәрім Кәрімоллаұлы ауылдық амбулатория күрделі жөндеуден өтетінін хабарлады. Ал ауыл халқы бағаға бақылау жасауды, бұралқы иттер мәселесін көтерді. Тұрғындарды қынжылтатын сауалдың бірі - балаларды өнер мен спортқа баулитын үйірмелердің жоқтығы.

  Ал Трекин ауылының Арман шағын ауданына аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа трансформатор қойылып, үйлерге электр желісін тартуға «Астафев В» жеке кәсіпкерлігі жәрдем еткен. Бұған тұрғындар дән риза. Алайда Трекин ауылындағы тозығы жеткен трансформатор жайы сол күйі қалып отыр. Ауа-райы бұзылса жарықсыз қалатын трекиндіктер үшін бұл үлкен мәселе. Округке қарасты ауылдардың кіре беріс жолдарын жөндеу, халық саны күн санап өсіп келетін Жайық ауылына жаңа мектеп пен балабақша, Новенький ауылына мәдениет ошағын салу назарда тұр.

Динара Насыр

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале