15.02.2018, 11:03
Оқылды: 29

Туған елімен жиырма сегіз жылдан кейін қауышты

Қыз – жатжұрттық, өз үйіне қонақ. Алайда, өзге  мемлекетке кетіп, жиырма сегіз жыл бойы құлын-тайдай тебісіп өскен бауырларынан көз жазып қалу, әке-шешесінің бар-жоғын білмеу, хат-хабар ала алмау – кім-кім үшін де оңай емес. Бұл мақаланың кейіпкері – жиырма сегіз жыл бойы туған бауырларының, ата-анасының өлі-тірісін білмей, ширек ғасырдан астам уақыттан соң табылған Балжан Лекенқызы Абылова.

 Әңгімені әріден бастайық. Әкесі Лекен мен анасы Бақыттың тұла бойы тұңғышы Балжан 1956 жылы іңгәлап, өмірге келіп, Жымпитының онжылдық мектебін бітірді. СПТУ-да екі жыл оқып, тракторшы мамандығын алып шықты. Темір техниканы тізгіндеген ару сол кездегі Жымпиты совхозы (Аралтөбе ауылы), ХХІІ партсъезд (Өлеңті ауылы) егіс даласында науқанды жұмыстарды қызу атқарды.

Арманына қанат байлап,1978 жылы Куйбышев қаласына жол тартты. Куйбышев силикат зауытына жұмысқа тұрып, екі жылдай еңбек етті. Сол жылдары болашақ жары,  қырғыз азаматы, әскери қызметін құпия әскери бөлімде өтеп жүрген Назырбек Абыловпен танысып, көңіл жарастырды. 78-дің аяғында шаңырақ көтеріп, Жымпитыға ата-ананың ақ батасын алуға келді. Әкесі Лекен мен анасы Бақыт «қазақ, қырғыз бір туған, бақытты болыңдар» деп баталарын берді. Өзге елге кетуге бекінген, өзге ұлттың етегінен ұстаған қыздарына ата-ана: «Барған жеріңде тастай батып, судай сің. Сол жақта қал, қайтып келем деп ойлама.  Өз еркіңмен, жүрек қалауымен кетіп барасың, Өмірдің ащы-тұщысына, бар-жоғына көнерсің»,-деп, аттандырды.

Қазақ қызы Бішкек облысының Ленин ауданы,  Айылбұлақбашы ауылына келін боп түсті. Бірден үйренісіп кету оңайға соқпады. Тілі бөлек, салт-дәстүрі бөтен. Ара-тұра Балжанға «Артыңнан ешкім іздеп келмеді» деп батыра сөз айтқандар да табылды.

Ері Назырбек физика-математика мамандығы  бойынша жоғары білім алып, әскери қызметте болды. Сөйтіп, жас отбасы Тәжікстанның  экономикалық-саяси, мәдени, ғылыми орталығы Ленинабад (қазіргі Худжанд) қаласына қоныс аударды. Балжан апа республикалық физиоемдеу орталығына таратушы болып жұмысқа тұрды. Тәжікстанда Назырбек пен Балжанның үш ұл, үш қызы дүниеге келді. Тұңғышы – Гүлбаршын,  одан кейін Гүлбайра, Атақұл, Сабыржан, Манас, Айгүл.

Тұрмыс құрған алғашқы он жылда Балжан елге төркіндеп келіп тұрды. Соңғы рет 1989-да келді. Әке-шешесі жиендерін киіндіріп, сабаққа баратындарына сөмкесіне дейін алып беріп,  Балжанды риза қылып аттандырды.

Содан ұзамай Тәжікстанда  жойқын жер сілкінісі болды.  Көп адам қаза болды. Балжан мен Назырбек балаларын үйден  аман алып шығып үлгерді. Дүние, құжат бәрі үйінді боп қалған үйдің астында қала барды. Сөйтіп, алты баламен олар Тәжікстанның Истаравшан, Душанбе қалаларын, Өзбекстанның Ташкентін паналап жүрді. Құжаттарды реттеп, жаңасын алу үшін 5-6 жыл уақыт кетті. Кейін Қырғызстанға қайта оралды. Кеңес Үкіметі ыдыраған соң, Қырғызстанда  қиын күндерді бастан кешіріп, жейтін нанға зар болған кездері болды. Сол күндері Балжан апа «Менің әке-шешем, бауырларым не жеп жүр екен? Нандары бар ма екен?» деп ойлап, егілетін. «Қазақстан – астықты ел ғой, оларда мұндай қиыншылық жоқ шығар» деп өзін-өзі жұбатып жүрді.

Туған еліне келмесе де, үйіне  үзбей хат жазып, жеделхат салған Балжанның хаттары қайтып келіп жүрді. Мына жақта ата-анасы, бауырлары Балжан апаның бір хабарын біле алмай, сағыныштан сарылса, ана жақта  Балжан «Әке-шешем, бауырларым тірі ме екен?» деп талай күнді жылаумен өткізді. Радио, теледидарға бергеннен де еш нәтиже болмады. Бертін келе интернет шығып, одан да іздеді екі жақ бір-бірін. Жымпитыдағы туғандары  Балжанды «Тәжікстанда болған жер сілкінісінен аман қалмады-ау» деп ойлады. Алайда әкесі Лекен: «Менің қызым пысық, ол аман, түбі келеді» үмітін үзбепті.

Қыздарын күтумен болған анасы Бақыт 2009 жылы, әкесі Лекен 2011 жылы өмірден өтті. Артынан ерген інілері мен келіндері балаларын аяқтандырып, бүгінде ата-әже атанды. Балжанның үлкен інісі Бауыржанның күйеу баласы әлеуметтік желі арқылы жоғалған туыстарын, әйтеуір, тапты-ау. Бауыржанның күйеу баласы мен Балжан апаның ота жасалып шыққан Манас есімді кенже ұлы бірін-бірі тауып, телефон алмасты.  Ауруханада жатқан ұлы Манас анасынан «Апа, бауырларыңды таптым!» деп сүйінші сұрағанда,  Балжан апа етегі  жасқа тола еңіреді. Сөйтіп, барлық іні-келіндерімен телефон арқылы сөйлесіп, мауқын басуға тырысты.  Ата-анасының өмірден өткені Балжанға ауыр соққы боп тиді. Жылай-жылай, мал сойдырып,  құран бағыштап, әке-шешесінің атынан садақа берді.  Бауырлары «Апа, сізге барамыз» дегенде, Балжан апа: «Әкем мен анам дүниеден озды, олардың  жатқан жерін көремін, менің жолым, өзім барамын»,- деді. Сөйтіп, отставкадағы күйеуі Назырбекті қан қысымы жиі көтерілетіндіктен қалдырып, Жымпитым қайдасың деп тартады.

Әке мен ананың қара шаңырағын ұстап отырған інісі Арматтың қызы Гүлназдың тұрмыс құру тойы қарсаңында Балжан апа жиырма сегіз жылдан соң туған жерге аяқ басты. Елге келгенде жүрегі лүпілдеп, жасы алпыстан асса да, өзін бала сезінді. Балалық шағы көз алдына кинолентадай елестеді. Туған жер өте ыстық болады екен. Сарғайған сағынышын жанарынан моншақтаған  жасымен жеткізді. Әкесінің, анасының іздері қалған жерді аялай сипады.

Үйіне келгенде, баяғы ескі тамның орнында еңселі үй тұр. Кенже інісі Армат анасының жете алмай кеткен арманын орындап, үй тұрғызыпты.

–  Інілеріме ризамын. Бәрі ата-әже болып, бір-бір шаңырақты ұстап отыр.  Келіндерім де жақсы. Құрақ ұшып қарсы алып, аяғымды жерге тигізбей құрмет көрсетті, біреуі алдымнан кесе көлденең шықпады. «Апалап» алақандарына салып, аялады. Туған-туыстың бәрі құрметтеп, қонақжайлық көрсетті.  Сый-сияпаттың түр-түрін жасап жатыр. Алайда, әкем мен анам жоқ. «Құлыным, келдің бе?» дейтін анамды, «Балтөрем» деп бауырына басатын әкемді жоқтадым. Ата-ананың орнын ешкім баса алмайды екен. Елге келе алмаған жиырма сегіз жыл бойы қос қанатымды көремін деген үмітпен жүрдім. Үмітім ақталмады, әкем мен анам мені сонша ұзақ күтуге бата алмапты. Келген күннің ертесіне зират басына бардым. Мауқымды басып, құшақтай алмадым, тек суреттерін ғана сипаудан басқа амалым жоқ екен. Анамның өз-өзіне қол салғаны  жанымды жегідей жейді. Мені бір көруге зар болғанының салдары ма деген ой маза бермейді. Ана жүрек бауыр еті баласының жолын тосумен өмірден баз кешті ме деп егілемін. Анамның ақ сүтін өтей алмадым деген өкініш өзегімді өртейді. Еліме жылап келіп, жылап кетіп барам», -деп аяқтады сөзін Балжан апа.

Р.S: Балжан апа туған жерінде екі ай болып, Қырғызстанға аттанды. Бүгінде ол он алты немере-жиеннің сүйікті әжесі. Қыздары да, ұлдары да жақсы жұмыста, жағдайлары күйлі. Кенже ұлы Манас  анасы Қазақстанда жүргенде, тосын сый жасап, қуантайын деп, келін алып келіпті.  Балжан апа ерімен  келіннің ата-анасынан кешірім алуға бармақшы. Құдай қаласа, келесі жылы анасының онжылдық асын елге келіп өзім берсем дейді. Лайым, ниеті қабыл болып, жыл сайын бауырларымен қауышуға қуанышты себептер көп болғай.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале