15.10.2018, 13:07
Оқылды: 106

«Туған жер» этно-мәдени жобасы Ақжайықта

Жауынгер ақын Жұбан Молдағалиевтың еңселі ескерткіші тоғыз жолдың торабындағы ауылдың ажарын асырып тұр. «Жайық Пресс» медиахолдингінің Ақжайық ауданындағы «Туған жер» этно-мәдени жобасының шаралары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Дала перзентінің рухына тағзым етумен шеру тартты. Меймандарға журналистика ардагері Тілес Жазықбай игі лебізін арнап, әйгілі Жұбанмен жүздесулерінен естелік айтты.

Темирболат Токмамбетов01

         Сосын делегацияны аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдады. Ол Елбасының Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жан-жақты қолдау мақсатындағы «Жайық Пресстің» облыс көлемінде қолға алған ауқымды жобасына сәттілік тіледі.

         Медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов аудан әкімі лауазымына осының алдында ғана тағайындалған Қалияр Айтмұхамбетовке зор тілегін білдірді. Ол өңіріміздің Қазталов ауданынан бастау алған үлкен сапарлары «Жайық Пресс» ЖШС-нің қоғамдағы орнын нығайтуды көздейтінін әңгімеледі.

Дәстүрлі медиа өз миссиясына мығым

         Қазір ұлттық сананы түлету үшін адамның рухани дүниесін байыту ауадай қажет-ақ. Мұнда әлбетте, сенімді ақпараттың, дәстүрлі медианың орны орасан. Бас директоры Р.Сәбитовтің жұртшылық өкілдерімен – Чапаев ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажығалиев бастаған қариялармен, сондай-ақ бірқатар бөлім, ұйымдар жетекшілері, мамандарымен аудандық кітапханадағы дидарласуында осы хақында сөз сапталды. Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев кіріспесөзбен ашқан шара еркін пікірлесу ахуалында өтті.

         – Бүгінде ақпарат тарату кеңістігі баршаға мәлім. Талғам алуан... Бір тарап интернетті, енді бір тарап газетті жақтайды. Қалай дегенде де, баспасөз билік пен халық арасындағы алтын көпір ретінде өз миссиясын жоғалтпайды. Осы орайда ең бірінші ақылшымыз өздеріңіз, әрине. Дәстүрлі медиа өнімдеріміздің мазмұны, сапасы қалай? Қандай өзгерістерді күтесіздер?- деді Рауан Сәбитұлы.

         Медиахолдинг жетекшісінің сонымен қатар басылымдардағы сараптамалық дүниелер, тың жобалар жайында айтқанын қуаттай келіп, жиналғандар өздерінің ой-толғамдарын ортаға салды. «Орал өңірі», «Приуралье» газеттеріндегі, жергілікті «Жайық таңындағы» барлық салаға қатысты арнайы беттердің маңызы атап көрсетілді. Толғауы тоқсан тіршіліктің біраз мәселесі қаузалды. Мүгедектер қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағасы Мұрат Сәрсенов автожолдардың жай-күйі, күтілуі назарда ұсталса деген тілегін жеткізді. Құқық қорғау саласынның ардагері Бақытжан Қоспаев күрежолда көліктердің малды қағу оқиғалары көбіне-көп түлік иесін «малыңның қайда жүргенін қарамайсың, сондықтан мәшиненің бүліну шығынын төлейсің»,- деген кінәлауға тірелетініне қынжылып, мәселеге жұртшылық байыптауы керегін айтты.

         Өз кезегінде ақпараттағы мәдени кеңістік, оқырманмен тығыз байланысты жетілдіру хақында «Орал өңірі» газетінің тілшісі, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Есенжол Қыстаубаев әңгімеледі.

«Өмір – сынақ, қайра өзіңді!»

         Бүгінде мектеп партасындағы өрімдер үшін ертеңгі кәсіп, мамандықтарын қапысыз таңдауы әлбетте, оп-оңай мәселе емес. Жаның қаламаса да, әйтеуір бір оқуды «тауысу» дегенің тіршілікке, ортаға деген салғырттық болып табылады.

Темирболат Токмамбетов06

         Мұхтар Әуезов атындағы мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесуде Р.Сәбитов осындай жайттарды тілге тиек етті. Ұл-қыздардың пікірлерін тыңдай отырып, ол журналистиканың мұрат-мақсаттары, қайсыбір мамандықты жан қалауымен таңдай білу төңірегіндегі ойларымен бөлісті. «Ісіңді шын сүю, келешегіңе ерте бастан, тап қазір дайындалу бақытыңды шыңдайды. Бәсекелестік заманының талабын біл. Өмір – сынақ, өзіңді қайра!»,-деді Рауан Сәбитұлы. Оның адам үшін тіл байлығының тағдыршешті орны туралы әңгімесі де жастардың көңіліне қонғаны шүбәсіз.

«Өрімтал» – болашақ баспалдағы

         Ел тұтқасын ұстар жастардың тәрбиесі, таланты туралы 7 – 11 сынып шәкірттері арасындағы шығармалар байқауы – «Өрімтал» облыстық тұңғыш жас тілшілер фестиваліне іріктеу шарасының ашылуында да сөз болды. Кадрға деген жаһандық бәсекелестіктен де көпшілік хабардар. «Жайық Пресс» сөз өнеріне, журналистикаға ынталы өрендерді әрдайым демеп, қамқорлық танытып келеді.

Темирболат Токмамбетов05

         «Өрімталдың» Ақжайық ауданындағы ашылуында медиахолдинг Бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай журналистикадағы ізбасарларды даярлау жас ұрпақты құндылықтарға жетелейтінін атап көрсетті.

         «Ғажайып өлке» тақырыбындағы шығармалар байқауына аудан мектептерінен 40 оқушы қатысты.

Бас редакторлармен бетпе-бет

         «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин білім бөлімінің басшысы Бақыт Абдолова бас болып жиналған аудан орталығындағы мұғалімдердің, қосымша білім беру педагогтарының үлкен тобымен жүздесті.

         Еліміз тарихында тұңғыш рет «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заңның қабылданатыны туралы Елбасының жаңа Жолдауында айтылғаны халқымызға ақжолтай қуаныш әкелді. Б.Ғұбайдуллин білім саласындағы барлық жаңа бетбұрыстар басылымның басты қаперінен ешқашан түспейтініне, тіпті кішкентайларға арналған «Айналайын» бетінің көп жылдан бері бала тәрбиесіндегі орны ерек екеніне тоқталды.

         Ұстаз қауымы «Рухани жаңғыруда» мерзімді басылымдардың шексіз рөлі, үш тілге жетік мамандар мен заманауи кәсіп иелерін газеттер беттерінде жиі насихаттау жайында ұсыныстарын жеткізді.

         «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сиықова аудандық емханада болып, медицина қызметкерлерімен емен-жарқын пікірлесті. Ақжелеңді жандар облыс аудандары бойынша бірінші болып, медициналық құжаттаманы цифрландыруға көшкендерін әңгімелеп берді. Алдағы кезде салаға мемлекеттен қолдаудың ұлғаюына деген қуаныштарымен бөлісті. Тұрғындардың денсаулық үшін жауапкершілігін арттыру аса бір көкейкесті жайт екені егжей-тегжейлі сөз болды.

Жобаның Жаңабұлақтағы жарқылы

         Жоба аясындағы іс-шаралар ауданның жер-жерінен өкілдер қатысуымен Жаңабұлақ ауылында жалғасып, қорытындыланды.

         Іссапар барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аудандағы түрлі жобаларымен, «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» бағыттары бойынша шаралармен танысқан делегация Жаңабұлақтағы жарқын істерге де ризашылықтарын арнады. Өткен жазда облысымыз ауылдары бойынша осында тұңғыш болып ашылған коворкинг орталығының жұмысы журналистерді ерекше қызықтырды. Яғни, модельді кітапхананың осындай орталыққа айналып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша оның ресурстарын цифрлы форматқа көшіру ауыл өміріне айтулы жаңалық әкелді. Орталық 4 алаңнан тұрады. Айталық, мәселен «Қауіпсіз интернет» (сайттар, планшеттерден толық мәтінді әдебиеттерді оқуға болады) алаңына келушілер үзілмейді. WI-FI аймағында бизнес серіктестік, іскерлік құжаттар жасақтауға болады. «Латын әліпбиі графикасы», «Компьютерлік сауаттылық», «Шығармашылық атмосфера» секілді бұрыштардың тынысы да тағатсыз. Жаңабұлақтықтар осындай игілік сыйлағандарға шексіз риза.

         Ауылдың Мәдениет үйінде өткен салтанатта облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Жайық таңы» газеттеріне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген ауылдық округ әкімдері Нұртаза Нәбиденов (Чапаев), Болат Шәленов (Тайпақ), Ерлан Темірғали (Базаршолан), Тәтжан Өтемісов (Ақжол), Ермек Құсайынов (Жаңабұлақ), жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің директоры Бақытжан Қоспаев, обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Серік Тасқалиев, қазынашылық бөлімнің басшысы Алтай Мергенов, аудандық «Қазпошта» бөлімінің қызметкерлері Айсұлу Батырғазиева, Венера Борбаева, Жаңабұлақ пошта бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзейнеп Жақсыгерейқызы, жаңабұлақтық кәсіпкер Асқар Қабанов, еңбек ардагері Аманғали Төлегенов естелік сыйлықтармен қошеметтелді.

         «Жайық таңы» газетінің белсенді авторлары: журналистика ардагері, өлкетанушы Бақтығали Қоспаев, аудан №2 сотының маманы Әлия Жаманова және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Рауан Қашқынбаевқа «Штаттан тыс тілші» куәліктері, тырнақалды шығармаларымен көрініп жүрген 10-сынып оқушысы Айнагүл Есқақ (Есенсай), 9-сынып оқушысы Дәурен Қуанышев (Алмалы) және 8-сынып оқушысы Әділ Жәрдемге (Қаршы) «Жайық таңы» газетінің «Жас тілшісі» куәліктері тапсырылды.

         Сондай-ақ «Өрімтал» облыстық «Жас тілшілер» фестиваліне қатысу үшін шығармалар байқауында дараланған Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің 11 сынып оқушысы Лаура Ғұбашева, Жаңабұлақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аружан Әділханова және Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің 10 сынып оқушысы Гүлайназ Сәрсенғазиева, олардың мұғалімдері қошеметтелді. Аталған байқауды ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Абдолова «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

         Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері А.Ахметова, А.Оразов, А.Кемелханова, А.Қуаналиев және Д.Құлбабаев әуелеткен Отан, туған жер, атамекенге перзенттік парыз туралы әндер де жұртқа ерекше көңіл-хош әкелді.

         Облыстық және аудандық басылымдарға бірінші болып жазылған аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевке жазылушы түбіртектері тапсырылды.

         Аудан әкімінің орынбасары Т.Ғабдушев медиахолдингтің Бас директоры Р.Сәбитовке Ақжайықта «Туған жер» этно-мәдени жобасының ұйымдастырылғаны үшін аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетовтың алғыс хатын тапсырды.

Болат ЕСҚАЛИЕВ,

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН,

Темірболат Тоқмамбетов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

nurbek ihsan (29435809) nurbek ihsan (29435810) nurbek ihsan nurbek ihsan () Темирболат Токмамбетов06 Темирболат Токмамбетов03

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале