23.10.2018, 15:43
Оқылды: 33

«Туған жер» этно-мәдени жобасы Сырым ауданында

         «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этно-мәдени жобасы бүгін Сырым ауданына келді. Жоба мүшелерін салтанатты қарсылау шарасы Жымпитыда, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің ескерткішінің алдында өтті.

syrym (14)

 

         Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бар. Заман ауысса да газет өзінің осы міндетіне әлі адал болып келеді. Газеттің тілі – журналист, ал тірегі – оқырман. Облысқа қарасты аудандық газеттер мен облыстық екі газетті біріктіріп отырған «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этно-мәдени жобасының басты мақсаты - сол оқырман мен газеттің арасындағы рухани байланысты жаңғырту. Жоба Сырым ауданына дейін өңіріміздің тоғыз ауданында өз іс-шараларын өткізген.

         Салтанатты қарсылаудан кейін «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Рауан Сәбитов бастаған жоба мүшелерін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады. Аудан әкімі жоба құрамындағы журналистермен баспасөз саласының заман талабына жауап беруі, газеттердің болашағы туралы пікірлесті. Қабылдауда болған қонақтарға Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің 100 жылдығына орай Сырым ауданында жарық көрген «Алаш аманаты» атты тарихи материалдар жинағы мен ауданның көрікті жерлерінің фотоальбомы табыс етілді.

Түске дейін жобаның құрамындағы журналистер оқырмандармен, еңбек ұжымдарымен кездесті. Сырым ауданының ардагерлерімен болған кездесуге «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Рауан Сәбитов, облыстық «Орал өңірі»  қоғамдық-саяси газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев және «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметов қатысты. Осы сияқты «Орал өңірі»  қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары, журналист Сәкен Әбілхалықов, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев Қ.Мырзалиев атындағы мектепте педагогтармен, ал «Приуралье» газетінің редакторы Роза Сыйықова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев дәрігерлер қауымымен жүздесті.

Бүгін Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінде «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне іріктеу үшін жоғары сынып оқушылары арасында шығарма байқауы өтті.

Медиахолдинг директорының кеңесшісі, журналист Нұрсұлтан Мықтыбайдың айтуынша, фестивальдің келешегі жеңімпаз анықтаумен шектелмейді. Газет жұмысына, жалпы журналистикаға қыры бар жастар болашақта «Жайық Пресс» медиахолдингінің арнайы гранты арқылы Қазақстанның ірі қалаларында журналистика саласы бойынша білім алуы мүмкін. Сырым ауданындағы шығарма байқауына 64 үміткер қатысты. Облыстық кезеңге жолдама алғандардың есімі түстен кейін белгілі болады.

«Туған жер» этно-мәдени жобасының бүгін аудандық мәдениет үйінде қорытындыланады. Гала-концертте аудандық басылымның жанашырлары, штаттан тыс тілшілері мен жас тілшілер марапатталмақ.

syrym (1) syrym (2) syrym (4) syrym (13) syrym (15)

syrym (3) syrym (6) syrym (7) syrym (8) syrym (16)

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале