27.10.2020, 14:42
Оқылды: 92

Тұмшаланған дүние: бетперде киіп жүрсіз бе?

Айналадағы тұмшаланған кейіп оғаш көрінген. Қара бетпердемен өзге дін жетегінде жүргендерді көретінбіз. Құдай сақтасын, бетті жабу сондай ой-ниеті белгісіз жандарды елестететін. Бүгінде осы бір індет салдарынан айнала, әлем бетпердеге байланған. Салахидтерге түк қатысы жоқ, дегенмен саулығың үшін өзіңді қорғауға, сақтауға, ауруды ушықтырмауға тиіссің. Мектеп партасына отыра алмай, балалар мазасыз болса, онлайн оқытудың қиындығы ұстаздарға мәлім. Заман талабы соны меңзеп тұр.

ковид

Сондықтан менің айтпағым, дүние жүзін жайлаған вирус кесірі қаншама адамдарды ертерек бұл дүниеден алып кетсе, қаншамасы Алланың арқасында татар дәмі таусылмай, о дүниенің табалдырығына жақындап барып қайтты. Бетперде кию режимінде жүрсек те, адамдар шаршаған ба, болмаса бетперде кию күнделікті әдетке айналмады ма, әйтеуір қалаға қатынаған сайын жүргізушілер мен жолаушылардан бейқамдық байқалады. Дүкендерге бетпердесіз кіруге болмайтынын, жалпы сауда орындары ғана емес, қоғамдық орындардың бәріне бұл талаптың қатаң қойылғанын тексеру «қаншалықты оң нәтиже беруде?» деген сұрақ қылаң береді. Сондықтан оқырман назарына қайыра осы ауру жайында айту артық болмас деп ойлаймыз.

Бұл індет туралы не білеміз?

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан шыққан жаңа коронавирустың өршуін халықаралық маңызды төтенше жағдай деп мойындағаны мәлім. Аз-мұз негізіне тоқталсақ. Бұл індеттің таралуы 2019 жылдың желтоқсан айының аяғында басталды. Қытайдың Ухань қаласында белгісіз пневмония бұрқ ете түскен. Мамандар ауруды қоздырғыш –коронавирустың жаңа түрі Ковид-19 екенін анықтаған. Індет Қытайдан асып, Гонконг, Макао, Тайван, Тайланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Неопал, Франция, Австралия, Малайзия, Германия, Финляндияда төбе көрсеткені мәлім. Адам шығыны аз емес. Сондықтан бұл індеттің таралуының алдын алуда сақтық шаралары өте маңызды екенін естен шығармасақ, кәне?!

Вирустың белгілері

Мамандар вирустың негізгі белгісі бұл дертті жұқтырушылар тыныс алуы қиындап, өзін үнемі шаршаңқы сезінеді дейді. Сонымен қатар қызуы көтеріліп, жөтеліп, тамағы ауыратынын айтады. Қазір індеттің қайта өршіп жатқан кезі. Сондықтан сақтық шараларын мейлінше қатаң сақтап, бұл індеттің өміріңізді жалмап кетуіне жол бермеу бағытында күресіңіздер, адамдар! «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Өтпелі қиын жағдай адамдарды бейсауат басқосулардан, адамдар көп шоғырланатын жерлерден алыс жүруге, қарапайым гигиеналық талаптарды сақтауға үндейді. «Жау жоқ деме, бөрік астында» дегендей, бұл вирустың таралуы күннен-күнге өршіп жатқанын ескеріп, тағы да бетперде кию режимін назардан тыс қалдырмау өз денсаулығымыздың кепілі екенін естен шығармайық.

Т.ТЕК,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале