10.01.2020, 17:44
Оқылды: 47

«Түнгі сот» жобасы аясында Жәнібек аудандық сотында 34 әкімшілік іс қаралған

Жәнібек аудандық сотында жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысымен 2019 жылдың жұмыс қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

janibek (1)

Конференцияда аудандық сот төрағасы Әсел Жамантаева аудандық соттың жыл ішінде атқарған жұмыстары жөнінде баяндап, түскен және қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді саралады.

-Өткен жылы 154 азаматтық, 30 қылмыстық, 216 әкімшілік іс қаралды. Өкініштісі сол, 2018 жылмен салыстырғанда азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің саны көбейді. Әрі ҚР Жоғары сотының «Түнгі сот» жобасы аясында аудандық сот арқылы 34 әкімшілік іс қаралды. Бұл жоба бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, ұсақ бұзақылық, жол жүрісі қағидаларын бұзу сынды әкімшілік құқық бұзушылық фактілердің негізінде әкімшілік істер 18:00-22:00 сағат аралығында қаралады. «Татуласу сотта: сотқа дейін», «Отбасылық сот» жобасы аясында Би кеңесінің мүшесі Бәтима Масанованың көмегімен неке бұзу туралы 3 азаматтық іс бойынша тараптар татуласып, 3 отбасы сақталып қалды. Альберешекті өндіру бойынша 4 іс келісімге келді, - деді баяндамашы.

janibek (2)

 Сондай-ақ аудандық сот мемлекеттік және басқа да мекемелермен кездесулер өткізіп, дөңгелек үстелдер, дәріс сабақтар, ашық есік күндері мен сот имиджін көтеру үшін басқа да шаралар ұйымдастырған. Аудандық соттың судьялары ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауын ауыл тұрғындарына жеткізу мақсатында ауылдық округтерге барып, пресс-тур өткізіпті. Бұған қоса, өткен жылы аудандық сот ғимаратында отбасылық кабинет, «Сот төрелігінің 7 түйіні», «Үлгілі сот» жобалары аясында фронт-офис ашылса, аудан орталығында аудан әкімінің қолдауы және «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Татуласу орталығы» жұмысын бастаған.

Сот төрағасы баспасөз конференциясын қорытындылай келе, азаматтардың сот қызметіне және өткізіліп жатқан шаралар туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударды. Жиынға қатысушылар тарапынан сауалдар да қойылып, пікір алмасылды.

Әсемгүл Қуанғалиева

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале