6.03.2018, 12:39
Оқылды: 31

Тұрсынбек Қабатов Ақсайға келді

 

Орал қаласында өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған өлкем – тірегім» форумында өнер қайраткері қазақстандық танымал актер, әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жаңғырудың жарқын жолы ретінде мектеп бағдарламасына домбыра сабағын қосу туралы бастама көтерген болатын. Аталған ұсынысты алғашқылардың бірі болып бөрлілік ағайын қолға алды. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіру мақсатында кәсіпкер Нұрсұлтан Дарханов өңірдегі балалар саз мектебіне елу домбыра тарту етті.

Бөрлі жеріне кезекті сапарымен келген өнер майталманы Тұрсынбек Қабатов өзі айтқан ұсыныс аяқсыз қалмағанына қуанды. Бұл кездесуде балалар саз мектебінің жас домбырашылары әзілкеш ағаларына Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап берді. Бүгінде аудандық балалар саз мектебінде 404 бала тәлім алса, домбыра сыныбында жүзге жуық шәкірт бар.

Өнер майталманы, қолына айфон емес, домбыра ұстап, бойларын мақтаныш кернеген оқушыларды көріп, ерекше қуанды. Бұл бастама Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламсы аясында қолға алынғанын айтқан аудан әкімі Алдияр Халелов жақын күндері өңірдегі ірі кәсіпорын «Қазбұргаз» компаниясы аудан оқушыларына 250 домбыра сыйға беретінін тілге тиек етті.

«Ұлттық аспапта ойнайтын балалар төл тарихымыз бен әдебиетімізді біліп, мәдениетімізді ұлықтайтынына кәміл сенемін. Әр қазақтың баласы шет елде домбыра арқылы ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, тарихымызды баяндап, кең байтақ қазақ деген елдің бар екенін айта алады. Осындай істі қолға алып жатқандарыңыз көңілді қуантады. Оқушылардың домбыраны жатырқамай,  шын ниетімен қабылдап тұрғанының өзі мақтаныш. Ақсай қаласы дарынды тұлғалардан кенде емес. Атына заты сай болған Нұрсұлтан ағамызға зор алғыс» - деді Тұрсынбек Қабатов.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале