3.12.2019, 17:08
Оқылды: 561

Ұлағатты ұстаз, білікті басшы

«Басшы бастай білсе, бұқара қостай біледі» деп халық айтқандай, Ботакөз Ислямова Үлкен Шаған мектеп-балабақша кешенін өзіне тән ер мінезділігімен басқарып отырған тәжірибесі мол, іскер басшы.

Бір құдықтан су ішіп, бір терінің пұшпағын илеп, біршама жетістіктерді еңсеріп, татулығы мен ұйымшылдығы жарасқан ұжымның қол жеткізген нәтижелері де басшының ерен еңбегінің арқасы.

Ботакөз  Ислямова 1959 жылы 11 қаңтарда бұрынғы Жалпақтал ауданы Талдыапан ауылында қарапайым жұмысшы жанұясында дүниеге келді. Жәнібек ауданы Свердлов атындағы орта мектепті өте жақсы бағамен тәмамдаған ол жүрек қалауымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1979 жылы математика пәні мұғалімі мамандығын игеріп шығады. Үздік оқуымен қатар орта мектепте де, институт қабырғасында да комсомол ұйымының хатшысы қызметін белсенді атқарады.Алғашқы еңбек жолын өзінің мектебінде математика пәні мұғалімі болып бастайды. Білікті басшы Үміт Ситекенова, Күләш Атошева сынды ұстаздардан тәлім тәрбие алып, тәжірибе жинақтады.1982 жылдан 1994 жылға дейін Индербор ауданы орталығының орта  мектептерінде математика пәні мұғалімі қызметін атқарды. Алдына келген шәкірттерін өз баласынан кем көрмейтін ол оқушыларының терең білім алуы жолында аянбай еңбек етті.

ustaz baiterek (1)

1994 жылы Орал қаласына көшіп келіп,А.Иманов атындағы колледжде, №10 мектепте, Орал гуманитарлық академиясында математика пәнінен сабақ берді. Одан соң Подстепное ауылындағы Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясында, кейін Орал қаласының №41 мектебінде қызмет жасады. Қала мектептерінде еңбек еткен жылдарындағы басшылары ақын Дариға Мұштанова, Валиса Ихсанованы үлгі тұтады.

Дәріс берген шәкірттері ұлттық бірыңғай тестілеуде математика пәнінен жоғары балл жинап, қалаған мамандықтары бойынша оқуға түсіп жатса, ұстаздың педагогикалық қызметінде де жеткен жетістіктері аз емес. 2005 жылы математика пәні мұғалімдерінің қалалық олимпиадасына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды, 2006 жылы облыстық олимпиадада жүлделі орынды иеленді. «Жылдың үздік сынып жетекшісі – 2006» қалалық байқауына қатысып,«Шығармашылығы шыңдалған»номинациясына ие болды. Мұғалімнің бұл жетістіктері елеусіз қалған емес. Батыс Қазақстан облыстық, Орал қалалық білім басқармаларының Құрмет грамоталарымен, қалалық білім басқармасы мен Орал қаласы және облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтергенде ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады» деп орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, Ботагөз Шагиқызы жеткен жетістіктеріне қанағат тұтып, тоқтап қалған емес. Пән мұғалімі ретінде өз білімін үнемі жетілдіріп,  Ж.Караевтың «Деңгейлеп саралап оқыту»,«Сыни тұрғыдан ойлау мен жазу»,педагогика ғылымының кандидаты Ф.Я.Вассерманның «БиС» озық технологияларын өз тәжірибесінде ұтымды қолданып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізді және математика пәні мұғалімдерінің қалалық секциясы отырыстарында әріптестерімен бөлісіп отырды. «5-11-сынып оқушыларына арналған математика пәнінен олимпиада есептері» авторлық жинағы облыс көлемінде пән мұғалімдері арасында таратылды.

2006 жылы 25 қазанда қазіргі Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған жалпы орта білім беретін мектебіне мектеп директоры болып тағайындалып,күні бүгінге дейін басқарып келеді.Осы уақыт аралығында Ботакөз Шагиқызы өзін білікті ұстаз, әдістемелік шеберлігі шыңдалған маман, теориялық білімін іс барысында шебер ұштастыра білетін, жас мамандардың жан-жақты шыңдалуын және білім берудегі инновациялық технологияларды үнемі назарда ұстайтын, әділетті, тәжірибелі басшы ретінде таныта білді.

ustaz baiterek (2)

 Ұлы ақын Абай атамыздың«Адам баласының бойында ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек болуы аса қажет» деген сөзін ұстанған жаңа басшы өз қызметін «мектебімді биік шыңдарға жетелеймін» деген үлкен мақсат қоюдан бастаған болатын.Соңғы жылдары ұлттық бірыңғай тестілеуден нашар көрсеткіш беріп келген мектеп нәтижесі жаңа басшыны қатты толғандырды. Оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тәжірибеде қолдану, мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру, жас мамандармен шыңдау, өзекті мәселемен жұмысты дұрыс ұйымдастыру, озат іс-тәжірибе тарату нәтижесінде мектеп ұжымы ҰБТ қорытындысы бойынша аудан мектептері арасында соңғы орыннан бірінші орынға көтерілді. 2012 жылы қазіргі Бәйтерекауданы математика пәні мұғалімдерінің арасында өткен олимпиадада І орынды иеленсе, сол жылы облыстық «Математикалық регатаға» қатысып, «Тапқыр» номинациясын жеңіп алғаны үшін облыстық білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің Құрмет грамотасымен марапатталып, ұжымына үлгі болды.

Білім ордасының басшысы ретінде ұжым мүшелеріне де зор сеніммен қарап, оларды биік мақсаттарға жетелеп, жоғары көрсеткіштерге жеткізді. Ұстаздар сабақты әдістемелік тұрғыда жетілдіру мақсатында үнемі шығармашылық пен ізденіс үстінде. География пәнінің жоғары санатты мұғалімі Н.Н.Суворованың жетекшілігімен ұстаздардың «Ізденіс» шығармашылық тобы құрылды. Заманауи жаңа технологияларды сабақ үрдісінде тиімді қолдану арқылы нәтижеге қол жеткізіпжүрген бұл топ аудандық «Ең үздік шығармашылық топ» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Мектеп ұжымы облыстық«Үздік кәсіби бағдар беру кабинеті», «Үздік мектеп ауласы» байқауларында І орын, «Ғылыми жобалар» байқауында бас жүлдені иеленді. Мектеп базасында ұйымдастырылған облыстық және аудандық тақырыптық семинарлар білім басшылығы және әріптестері арасында жоғары бағаға ие болды, ондағы берілген ашық сабақтар мен көрсетілген ғылыми жобалар жинақ болып жарық көрді және облыс көлемінде таратылды

Ұрпақ сабақтастығы қашанда ұжым жұмысының жемісі, мектеп түлектері И.Бруй, Т.Бруй, В.Миронов, А.Батыков, Р.ҚАхметов,А.Гумаров, Н.Гумарова, С. Шаровская өз алтын ұяларына оралып, табысты еңбек етуде. Жұмысында өзіне сенімді серік болып жүрген орынбасарлары М.Тұрсынғалиева, М.Айтуған, Д.Гильманованың еңбектері зор. Олар өз жетістіктерімен мектеп мерейін көтеріп жүр.

Мектеп түлектері Т. Тулегенов Алматы ІІМ академиясын тәмамдап, елге оралып, облыстық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасайды. Ә.Сабит Сауд Арабиясындағы оқу орнының«Журналистика және хабар тарату» факультетін бітірді, А. Каменчук Қытай мемлекетінде жоғары оқу орнында аудармашы мамандығы бойынша оқып жатыр.Көптеген түлектер шекаралас Ресеймемлекетінде бюджет негізінде жоғары білім алуда.2016-2017 оқу жылында Н.Горшкова, В.Силичева,Д.Жагор мектепті «Алтын белгіге», Асем Кошакова және Асель Кошакова «Үздік» аттестатпен тәмамдаса, 2018-2019 оқу жылындаА.Тулегенов, Э.Бекмачева, Е. Иртикеева мектепті «Алтын белгімен», Г.Анесова, М.Мусиев «Үздік аттестатпен» аяқтап,білімдерін ақтады. 20 түлектің 65%-ы мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті.

  Тәрбие мен білім – егіз ұғымдар. Мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, құқықбұзушылықтың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру  мақсатында  музыка мектебінің фортепиано, аккордеон, вокал бөлімдері, «Үздік Нұр ай» би тобы, «Алтын ине»қолөнер үйірмесі, волейбол, баскетбол, шағын футбол, қол добы, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату үйірмелері жұмыс жасайды. Үйірме мүшелері«Рухани жаңғыру» аясында өткізілген аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мектепте ата-аналармен жұмыс та дұрыс жолға қойылған. Ата-анамен біріккен жұмыс нәтижесінде «Папам, мамам және мен»спорттық жарыстары, «Әжем, анам және мен», «Менің әкем ең мықты!», «Жігіт сұлтаны» сайыстары жиі де қызғылықты өтеді.Білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан мектеп директорының өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.

 Ботакөз Ислямова 2016 жылы №6 сайлау округі бойынша қазіргі Бәйтерекаудандық мәслихатының депутаты болып  сайланды. Мәслихаттың бюджеттік комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін атқара отырып, ауыз су жүргізу, жұмыссыздықты жою, қариялармен және жастармен жұмыс  сияқты ауылымыздың әлеуметтік маңызы зор мәселелерін шешуге ықпал етіп келеді.

Ботагөз Шагиқызы жұбайы Жолдығали Ізімғалиұлымен төрт бала, он бір немере тәрбиелеп отырған бақытты әке-ана, салиқалы ата-әже.

Шәкірттері мен ұстаздары жыл санап өсіп отырған үлкен  мектеп ұжымын басқаруда өздерінің бай тәжірибесімен халық алдында зор беделге ие болған бұрынғы басшылар В.Черноярова, Башкатов,Л.Тарасевичтың істерін 2006 жылдан бері ұстаздық тәжірибесі мол, білікті басшы Ботакөз Шагиқызы шебер жалғастырып келеді. Мектепте көп жылдан қызмет жасап келе жатқан тәжірибелі бастауыш сынып, пән мұғалімдерінің қолдауымен аталмыш білім ордасының жақсы дәстүрлерін үнемі дамытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мінезінің қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі, нәтижеге бағытталған қызметі арқасында ұжымы мен ауыл адамдары арасында зор  абыройға  ие болды.

Ұстаздардың шығармашылықпен қызмет жасауына толық мүмкіндік жасалған. 22 жас маманның «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспаналы болып, ауылда тұрақтап қалуына да басшының ықпалы зор.

Мектеп ғимаратының замануи безендіріліп, ондағы ұжым мүшелері арасындағы қалыптасқан сыйластық қарым-қатынас та көп нәрсені білдіреді.

Майдан Жұбандықов

штаттан тыс тілші,

еңбек ардагері

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале