26.10.2020, 11:20
Оқылды: 79

Ұлттық брендтің құтын қашырмайық

Қазіргі қоғамда дүниенің басты орында екені аңғарылады. Тіпті дүниенің буына мастанып, пайда табу мақсатымен пайдалы өнімге қоспа қосатындары да бар. Өзгесін былай қойғанда қадірі мен пайдасын өзіміз білеміз деген ұлттық өнімдеріміздің де аты құлақ құрышын қандырғанымен, татуы қашып тұрғандығы да жасырын емес.

Улттык брендтин кутын шыгармайык (1) (3)

Ұлттық өнім дегенде көз алдымызға айран, құрт-май, қымыз, шұбатымыз елестейді. Халқымыз төрт түлік малдың парқын білген. Мінсе көлік, жесе ет, шөлдесе сусын. Сүтінің қасиетін де жоғары бағалап, қадіріне жете білген. Мәселен, сиыр малының сүтінен құрт-май, қаймақ, айран аламыз. Бір ғана құрттың ғарышкерлер мәзірінен табылғандығы қасиетін аңғарып тұрғандай-ақ. Жылқыдан саумал, қымыз, Ойсылқара пірі болған түйеден шұбат, Шекшек ата түлігінен емдік сүт аламыз. Дайындалуы да өнімнің табиғилығын жоғалтпады. Құрт-майымызды біраз уақыт сақтап, ішерге ас болмаған уақытта талғажау еттік. Саумал мен қымызымыз денсаулығымыздың жақсаруына септігін тигізсе, нар шіркін суға тоймаса да сүті шөлімізді қандыратын. Ал қазір ше?..

Алмағайып заманда кәсіптің көзін таптым дегендер қазақылықтың атын жамылып, ұлттық өнімімізді дәріптеген сыңай танытып, қымыз, айран, шұбатқа жарты литр су қосып сататындары да бар. Ал құртымыз бор секілді үгітіліп, ұртымызда бір күн тұрмақ 1 минутқа да сақталмайды. Бағасы шарықтап тұрғанымен, татуы жағынан ақсақтап тұрғандығы бар. Бұған себеп көптің қызығушылығын оята отырып оңай табысқа кенелемін деген кәсіпкерсымақтың әрекеті, айласы. Айласын асырғандар тұтылып та жатырғаны шамалы. Осы орайда күні кешеге дейін сиыр сауып, өнімін алған Күлан Әмірханова апамызбен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Ата-бабамыз ықылым заманнан бері төрт түлікті қолға үйретіп, пайдасын көріп келеді. Пайдасы таусылмақ емес. Қымыз, шұбат, құрт-майды ұлттық брендіміз деп қарайтын болсақ, брендтің өзге елге танымалдығын арттыру үшін табиғилығын сақтауымыз маңызды. Өзгелер бағасына қарап емес, пайдасына қарағаннан ұлттық өнімге сұраныс артар еді. Ал енді сырты көзге тартымды болып, іші іріп тұрса бұл адамгершілік пен ар-намыс қағидасын бұзуды былай қойғанда қазақылықты қорлау деп білемін, - деп апамыз қынжылды.

Иә. Орынды-ақ. Дейтұрғанмен ұлттық брендті таза қалпында насихаттап жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі Қошанкөл ауылының тұрғыны Меңдіхан Қалықұлы. Ағамыз жастайынан жылқы малына құмартып өсіп қана қоймай, жылқының қасиетін де зерттеп, зерделеген азамат. Тіпті таза саумал мен қымыздың түрлерін адам денсаулығына пайдасы туралы ақпарат жинақтап, келер ұрпаққа дәріптеп жүр.

Улттык брендтин кутын шыгармайык (3) (1)

- Қазақ дастарқанының молдығы мен ішіп-жемінің құнарлылығы төрт-түліктің табиғи өнімдерін, ет пен сүттен жасалған тағамдарды пайдалануы. Жылқы сүтінен жасалған қымыз, сиыр, қой сүтінен жасалған айранды қорек ете отырып, біраз уақыт аштықты сезінбеуге болады. Өз ағзасын ұлттық өнімдерге, әсіресе қымызға дағдыландырған адам барлық ауруға қарсы тұрарлық ем табады. Қымыздың құрамында кең етек алған рак ауруына қарсы «лактоферин» ферменті бар екені де ғылыми тұрғыда дәлелденген. Тек бұл ғана емес қан аздық, туберкулез сынды т.б. аурулардың алдын алады, - дейді Меңдіхан ағамыз.

Ұлттық бренд дегенде тағамнан бөлек ою-өрнектер кестеленген ұлттық киімдерімізді де назардан тыс қалдыруға болмас. Қазіргі таңда ою-өрнектерімізді оңды-солды қолданысқа енгізіп жүргендері де баршылық. Кейде байрағымызда бейнеленген ою-өрнегіміз де брендке айналып қазақылығымызды әлемге танытып тұрғандай. Осыған қарап-ақ қазақ деген ұлттың таңбасы дерсің. Алайда ұлттық өрнегіміз бейнеленген өнімдердің қоқыс жәшігінде жатқандығын көргенде «әттеген-ай» деп қынжылатындығымыз тағы бар. Бұл да ұлттық брендтің қадірін түсінбеушіліктен туып отырған жағдай. Бұған қолөнер бұйымдарын дәріптеп жүрген жас маман Ақерке Қамбарова ұлттық брендке қатысты пікірін былай білдірді.

- Бренд ол сол мемлекеттің ұлттың маңыздылығын айқындайтын белгілі символы деп ұғамыз. Ұлттық бренді тек өзіміз қолданып қана қоймай, өзге мемлекеттерге де экспортқа шығарсақ нұр үстіне нұр. Алайда сапасы мен қажеттілігіне аса мән беру керек. Арзан дүниелерге ұлттық нақыштарымызды қолданбағанымыз жөн деп білемін. Себебі арзанның орны қоқыста. Ұлттық нақышты, мәселен киім-кешекке жапсарластыру арқылы дәріптесек көрер көзге де тартымды. Келешек ұрпаққа ұлттығымызды айқындайтын белгілерімізді өзімізге де, өзгеге де насихаттай білсек қазақы бренд өміршең болмақ, -дейді.

Улттык брендтин кутын шыгармайык (4) (1)

Айтылған пікірлер, көтерілген мәселелер орынды. Мақсатымыз кәсіпкерге немесе осы бір салада нәпақа тауып жүргендерге күйе жағу емес, табиғи таза өнімнің айналымға шыққандығы маңызды. Ал мысалға келтіргендеріміз ауадан жіп алып өрнектегеніміз емес, көзімізбен көріп, ақылмен түйгеніміз. Ақшадан бұрын адам денсаулығын, алаяқтықтан бұрын ұлттығымызды ойласақ келер ұрпақтың да бізден зор өнеге алары сөзсіз. Ұзын сөздің тобықтай түйінін айтқанда ұлттық брендтің құтын қашырмай, дүние мен табыстан бұрын сапаға мән берсек қай жағынан да ұтылмайтындығымыз хақ.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале