13.01.2017, 9:55
Оқылды: 87

Ұлттық өнерді дамытсам дейді

   Отарлануы салдарынан, коммунизм құрамыз, ескілікті жоямыз деген ұранмен қазақ халқы өзіндік ерекшеліктерінен қол үзіп қалды. Тәуелсіздік алып, етек жеңімізді жия түскенімізде, жаһандану келіп, жоғалудың алдында тұрған  ұлттық құндылықтарымызды одан әрі жұта түскендей. Соның кесірінен қазіргі қазақ қарапайым өру өнерінен де айырыла бастады.


Қазір бала түгілі, ер-азаматтардың өзі қамшы өріп, арқан еспейтін болды. Ал жігіттің мықтылығын білдірген қамшының қасиеті тіптен ұмытыла түсті. Тіпті аудан орталығындағы мектептен тыс тәрбие орталығында осы ұлттық құндылығымызды балаларға үйрететін педогогтың жоқтығы қаншалықты мүшкіл күйде жүргенімізді көрсететіндей. Дегенмен ауданда осы бір саф өнерімізді бір кісідей меңгеріп, шағын мектептің шәкірттеріне жеткізу жолында аянбай еңбектеніп жүрген жан бар. Ол – Макаров мектебінің ұстазы Ерік Қарақұлов.

Қамшы өріп, арқан есуді бала күнінде нағашы атасынан үйренген ол қазір бар білгенін балаларға үйретіп жүр. Мектепте технология пәнінен сабақ беретін тәжірибелі ұстаз ұлттық өнерімізден айырыла бастағанымызға қынжылады.

– Мектепке ұстаз болып орналасқан шағымда балаларымыздың ұлттық өнерімізден мақұрым екендігін көріп, қатты намыстандым. Сосын атамнан үйренгенді қалай да балаларға үйретсем деген оймен «Қазақ қолөнері» және «Народные сувениры» атты қазақ, орыс сыныптарына арналған үйірме аштым,-дейді Ерік Серікұлы.

Осы күні біраз жеткіншегімізге қамшы өруді үйреткен шебер үйірмесіне келетін оқушыларға өрудің ең оңай түрі 4 өрімнен бастап, шеберлігінің толысуына қарай 6, одан әрі 8 өрімді қамшы жасауды үйретеді. Еріктен сабақ алған оқушылардың алды осы күні студент атанған. Тіпті мұғалімі үйреткен әдіспен қамшы жасап, үйлерінің төріне іліп қойғандары да бар көрінеді. Қамшы жасау мен қамшыгерлік жайында біраз мағлұматты да білетін ол сабақ алуға келген оқушыларға қамшының қасиеті мен қолданылуы жайында да біраз әңгімелеп, оқушылардың қызығушылығын оятып алады екен. Ол жайында Ерік ағамыз: -Шынын айту керек қамшы жай ат құралы емес, өткен ғасырларда билік құралы да болған. Ер азаматтың қамшысына қарап, оның беделін де ажырата алыпты біздің қазақ. Тіпті қару ретінде де пайдаланғанын осы күні біреу білсе, біреу білмейді. Қазақты қамшысыз елестету бұрындары мүмкін болмаған. Баланың бесігінің басына қамшы қояды, жаңа түскен келіннің басын да үкілі әдемі безендірілген қамшымен ашқан қазақтың құдалығында да қамшы жүрген. «Қамшы тастау», «Қамшы қайыру» сияқты салт болғанын, 4 өрім қамшыны күнделікті өмірде пайдаланғаны, 8 өрімді қамшыны сыйлы азаматқа тарту ететіні жайындағы жөн-жоралғыларды сабақ басында айтып өтемін,-дейді.

Ерік ұстаз қазіргі таңда кейбір шеберлеріміз өнерді кәсіпке айналдырып алғанына қынжылады. Оның айтуынша, осы күні жақсы шеберлер шәкірт тәрбиелегеннен гөрі жасаған бұйымдарын сатып, пұл жасауды ғана ойлайтын көрінеді. Соның кесірінен ұлттық құндылығымыз құлдырып, шеберлер соңынан ерген ізбасардың болмағаны онсыз да шатқаяқтап тұрған өнерімізді жойып жіберей ме деп қорқады.

Ұлдарымызға ұлттық өнерді үйретіп жүрген ол қазіргі таңда тек сый-кәде ретінде дайындалатын шағын қамшыларды ғана жасауда. Оған қалдық материалдарды пайдаланы екен. Болашақта тері илеп, қайыс жасауды да қолға алуды жоспарлап жүр.

– Қазір оқушыларым жасайтын қамшыларға керекті материалдарды қалған-құтқан былғары күртешелер мен басқа да қалдықтардан, кейде өз қаражатыма сатып аламын. Мектеп бағдарламасында тері иелеу сабағы бар. Оны тек теорияда ғана емес, іс жүзінде де балаларға үйретсем деймін. Бірақ мүмкіндік болмай жатыр. Қажет болса, керекті ағаш бөшкені де өзім жасап алам. Оқушыларымның да қызығушылықтары жақсы. Барлығы ұлттық өнерді үйренсек дейді. Тіпті орыс сыныбының оқушылары да қызығады,-дейді он саусағынан өнер тамған Ерік шебер.

Оның шағын мектеп ішіндегі бөлмесінде өзі мен оқушылары жасаған тамаша бұйымдар көздің жауын алады. Әсіресе, күйдіру әдісімен салған суреттерін көрген адам таңдай қағары сөзсіз. Сондай-ақ балаларды ши өру әдісіне де үйретсем деген ұсаздың жоспары көп. Ұлттық өнерімізді одан әрі дамытып, шәкірттеріне қамшы жасауды ғана емес, тері торсықтарды, ат әбзелдерін жасауды қолға алсам дейді. Ендеше саф өнерімізді жандандырсам деп жүрген жанның ісі оңға бассын дейміз.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

 Р.S Осы материалды дайындау барысында Переметный ауылындағы тәрбие жұмысы орталығына бардым. Ол жерде көрмеге қойылған сан түрлі өнер туындыларының ішінен суретті де, гобиленді де, тіпті жапонның оригамиін де көрдім. Бірақ қамшы не ат әбзелдерін көре алмадым. Орталық басшысы болашақта бұл олқылықтың орын толтыруға уәде етті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале