18.07.2019, 10:01
Оқылды: 442

Ұлттық спорт түрлерінен облыстық V фестиваль Ақжайық ауданында өтеді

1-4 тамызда Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ақжайық ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен облыстық V фестиваль өтеді.

8e4888d75fc75b511da43b7cf971f7be

Осыған орай аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Тимур Шиниязов, бөлім, мекеме басшылары, еңбек ұжымдарының  өкілдері қатысты.

–Ауданымызда ұлттық спорт түрлерінен өткелі отырған облыстық фестиваль біз үшін зор жауапкершілік жүктейді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру басты мақсатымыз болып табылады. Ауданымызда ұлттық спортты дамыту ісі жүйелі жүргізіліп келеді. Аталмыш фестиваль осы жұмыстарымызға зор серпін берері сөзсіз,-деді Қ.Ш.Айтмұхамбетов.

Осында аудандық «Жігер» спорт клубының директоры Марат Ығылманов фестивальді ұйымдастыру бойынша жоспарларды ортаға салды. Оның айтуынша, ауқымды шараға облысымыздың аудандары түгел қатыспақ.  Әр ауданнан 80-ге жуық қатысушы, басқа да меймандар келеді деп күтілуде. Аудан орталығындағы Чистинкий алаңында өтетін ұлттық спорт мерекесінде аламан бәйге, құнан бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату мен бес асық, қазақ күресі, жамбы ату, ұлттық жекпе-жектен тартысты сайыстар, яғни  спорттың 11 түрінен бәсекелер ұйымдастырылмақ.

Фестиваль 2 тамызда аталған Чистинкий алаңында, сағат 18.00-де ашылады.

Қ.Айтмұхамбетов осы шараларды ойдағыдай өткізу керегін баса айтты. Жарыстар өтетін алаңдарды дайындап, олардың тазалығына мән беру, жарықпен қамтамасыз ету, келушілердің уақытын тиімді өткізу үшін мәдени-көпшілік шараларды мазмұнды ұйымдастыру жайын еске салды. Әсіресе, алаңда, жарыс өтетін ғимараттарда, алаңдарда денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының мамандары, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру бөлімдері, мал мамандары сақтық шараларын қатаң сақтау керек.

Фестивальге қатысатын ауданымыз командасының даярлығын пысықтаған аудан басшысы дүбірлі доданың бәсі биік екенін, оны  абыроймен өткізу ақжайықтық баршаға зор міндет пен үлкен сын жүктеп отырғанын қаперге салды.

Рахмет ҚАЛИ,

Ақжайық ауданы

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале