8.05.2019, 11:11
Оқылды: 37

Ұлы Жеңіс сарбазына ауылдастары қос ат мінгізді

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай Ақжайық ауданының аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Ақжол ауылдық округінің орталығы – Ілбішін ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Сұпығали Есімовты мерекемен құттықтап барды.

IMG_5289

  Ардагерден амандық-саулық сұрасқан аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов 93 жастағы қарияға ізгі тілегін жеткізді.

         – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Отан қорғау жолында жанкештілік танытып, ел үшін аянбай тер төккеніңіз тарих бетінде жазылып қалды. Жауды жеңіп елге келген соң да ауыл шаруашылығы саласында атқарған елеулі еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды. Ауырмай-сырақамай аман-есен ортамызда отыра беріңіз,-деді Қалияр Шадиярұлы. Ол ардагерге облыс әкімінің, аудан әкімдігінің атынан арнайы апарған естелік сыйлықты, қаржылай сый-сияпатты табыстады. Және Оралдағы «Uniserv» ЖШС-ның атынан қаржылай сыйлықты ұсынды.

- Құттықтап келгендеріңізге көп рақмет. Бұл баршамызға ортақ мейрам. Ұлы Жеңістің арқасында осы жарқын күнге жетіп отырмыз. 1945 жылы 18 жасқа толғанымда, Кеңес әскері қатарына алындым. 1945 жылы Берлинді алуға қатыстым. Сол сұрапыл шайқастар есімде күнде жаңғырады. Соғыс біткесін басқа да әскери қызметтерде болып, 10 жыл жүрдім. Ал қазіргі жастардың 1 жылға әскер қатарына баруға батылы жетпей жататыны бар. Аман-есен туған елге оралып, мал бақтым. Шүкір, осы күнге жетіп отырмын. Бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Елімізде қайғы-қасірет болмасын, халқымыздың арман-тілегі орындалсын!-деп ағынан жарылды майдангер.

IMG_5312

                Ол 1944 жылдың қараша айында Кеңес әскері қатарына алынып, Чкалов қаласында әскери оқу-жаттығудан өтеді. Сержант шенімен Жуков басқаратын І Украина майданында болған. 1170 атқыштар полкінде пулеметші, бөлімше командирі болып, жауға қарсы жан аянбай соғысқан. Кейіннен соғыс аяқталған соң, Эстониядағы құпия атом зауытында іс-жүргізуші, хатшы болған. Осындағы 3278 әскери бөлімшеде 1949 жылдан 1950 жылдың желтоқсан айына дейін командир қызметін абыроймен атқарды.

         Эстониядағы Нарва қаласындағы татар молданың Сара есімді сұлу қызына үйленіп, отау құрды. 1954 жылы отбасында ұл өмірге келіп, 1955 жылы жарымен, 6 айлық баласымен аман-есен елге оралды. Ардагердің «шинелге орап әкелген» баласы Мақсот аға бүгінде Ілбішін ауылында тұрады.

Осында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Дархан Қалимедденов құттықтау сөз сөйлеп, қарияға естелік сыйлық табыстады.

Жеңіс сарбазын қошеметтеуден ақжолдықтар да қалыс қалмады. «Нығмет» шаруа қожалығының жетекшісі Зәйдөк Өтеғалиев, «Ілбішін» ЖШС-ның Айтқаным Қабанова екеуі ардагерге бір-бір ат мінгізді. Атымтай жомарттардың бұл ісі соғыс батырына деген зор құрметтің белгісі.

«Осы ардагерлеріміздің арқасында бүгінде бейбіт ғұмыр кешіп жатырмыз. Жеңіс күніне орай А.Қабанова екеуміз осындай шешімге келдік»,- деді кәсіпкер Зәйдөк Нығметұлы. Сонымен қатар Ілбішіндегі «Сахарный» мұнай қыздыру стансасының қызметкерлері ардагерге плазмалық теледидар сыйға тартты.

 

Бекболат Қаленов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале