22.03.2018, 15:22
Оқылды: 59

Ұлыс күнін Зеленов ауданы ерекше тойлады

Биылғы Ұлыс күні Зеленов ауданында ерекше мәнермен тойланды. Тоғыз күн тойын қылған ағайын арқа-жарқа бір жасап қалды. 

Амал күнінен басталған мерекелер шеруі «Өніс күні», «Алас күні», «Береке күні», «Иіс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күніне» ұласып, Ұлыстың ұлы күнінде түйінделді. Осы тұста ұлық мерекенің ауылдарда да мүлдем өзгеше жағдайда, халықтық сипатта аталып өткенін айта кеткен жөн.

Халықтың ынтымағын арттырып, ырысын еселеген мерейлі мерекеде аудан әкімі Асхат Шахаров күн сайын алаңнан табылып, халықтың қуанышымен бөлісті. Қарбалас жұмыстан ретін тауып, бірқатар ауылдарындағы мерекеге қатысып елге ақ тілегін арнады.

Орталық алаңда өткен Ұлас күнінде сөз алған аудан басшысы мерекенің мән-маңызын зерделеп, айрықша сипаттарын атап өтті.

– Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймын! Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан-дүниемізді шуаққа бөлеп, ой-ниетімізді адал арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеу жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Бүгінде Наурыз мерекеміз жаңа сипатқа ие болды. Ұлтына, діни сеніміне қарамастан Ұлы даланы мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Берекелі бірлігімізді нығайтуға, халықтар достығын бекемдеуге, бауырластық қарым-қатынастарды арттыруға, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына Наурыз мейрамы ерекше сипат беруде. Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт-береке әкелсін, - деген аудан басшысы әр шаңыраққа амандық, дастархандарына молшылық тіледі.

Сонымен қатар ұлыс күнгі мерекеге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мәреге жеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің Халықаралық дәрежедегі «Біріккен Еуропа» марапатының иегері жерлесіміз Ақсерік Әйтімов арнайы келіп, ақжарма тілегін арнады.

– Елдің жарқын болашаққа жігерлендіретін жаңа күн жақсылықтардың жаршысы болғай. Өңірдің азық-түлік белдеуін қалыптастырып отырған еңбеккер ауданымыздың берекесі артып, беделі асқақтай берсін, - деген ол жаңа жылдың табысты, егінді болуын тіледі.

Ұлттық ойындардың көркін қыздырған қыз-жігіттер қой көтеру, арқан тартыс, қазақ күресі, гір тасын көтеру, тоғыз құмалақ, асық ойынында өзара мықтыны анықтаса, көркемөнерпаздар мерекені әнмен әрледі. Ұлыс күннің ұлағатын асырған латарея ұтысынан бағалы сыйлыққа ие болған тұрғындар дастарханнан дәм татса, ақсақалдар жаратқаннан халқымызға жақсылық тіледі.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале