20.08.2019, 11:33
Оқылды: 317

Үшағашта тақымы мықтылар көкпар тартты

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Қаратөбе ауданы Үшағаш ауылында жаужүрек бабаларымыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі, ұлттық құндылығымыз көкпар ойынынан жарыс өтті.

 kokpar (3)

Ұлттық ойынға Үшағаш, Соналы ауылдарынан шабандоз жігіттер көкпарға жараулы аттарымен бақ сынады.

Ойынның ашылу салтанатында «Қаратөбе» спорт клубы директорының  уақытша міндетін атқарушы Нұрдәулет Сәленов жастарға ұмытылып бара жатқан ойынды дәріптеп, атқа мінуді үйретіп, команда жасақтау керектігін тілге тиек етті. Ауыл ақсақалы Жанболат Шарамиков бата беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Көкпар ойыны басталғанша шабандоз жігіттер аттарын қыздырып, дайындықтарын пысықтады.

Алғашқы ойын Үшағаш ауылының «Құли ата» командасы мен Соналы ауылының көкпаршылары арасында өтіп, соналылықтар 1:3 есебімен ұтылды. Бұдан кейінгі кездесу Соналы ауылы мен Үшағаш ауылының жастарынан құралған командалары арасында болды.

kokpar (1)

Ойын барысында командалар бір-біріне лайықты, нағыз ойын көрсетті. Серкені көтерген шабандоздар қазандықты бетке алып, аттарын қамшының астына алып, шаңдатып шаба жөнелді. Қазандықтарын қорғай білген шабандоздар серкені тастауға мүмкіндік бермей жолын кес-кестей берді.

Соналылықтар қарсыластарының қазанына 3 салым салды. Осылайша қызыққа толы ойынның нәтижесінде І орынды «Құли ата» шабандоздары жеңіп алды. ІІ орын Соналы ауылының жігіттеріне, ІІІ орын Үшағаш ауылынан құралған жастар командасына бұйырды.

Ойында ең нәтижелі ойын көрсеткен көкпаршы Нұрдәулет Құрманғалиев 3, Мейзам Шарамиков 2, Қайырбек Сағындықов, Ради Кастовский, Оңдасын Нұрболатұлы,  Мұратбек Айсаұлы бір-бір салым салды.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының  демеушілігімен жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Тоты Есқайырова,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале