24.10.2017, 11:35
Оқылды: 124

Уямо Томохико, жапон ғалымы: Мені Алаш арыстарының көзқарасы қызықтырады

Кешегі жексенбіде Жымпиты ауылына арнайы сапармен Жапонияның Саппора қаласындағы Хоккайдо университетінің жанындағы славяндық және еуразиялық зерттеу орталығының директоры, ғалым Уяма Томохико мен Өзбекстанның Ташкент қаласынан тарих ғылымдарының докторы, профессор Кахроман Раджабов келді. Меймандарды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады.

Шетелдік әріптестерін таныстырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстандағы тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыздықов ғалымдардың сапары туралы айтты. Ол кісілер кезінде Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі орнаған тарихи мекен Жымпитыны көру үшін арнайы келген екен.

IMG_4015Уямо Томохико  - қазақ тарихына қатысты мәселелерді зерттеп жүрген әлемдік ғалымдардың бірі, алаштанушы. Томохико мырзаның Алашорда үкіметінің жұмысы мен оның қайраткерлерінің өмірін зерттеуге ықылас қойғанына отыз жылға жуықтапты. Жапондық ғалым өзінің Алаш тақырыбына деген «махаббатын» отандық баспасөз беттерінің біріне берген сұхбатында:

- Мені қызықтырған олардың көз­қарастары. Мәселен, Әлиханның көз­қара­сында прогрессивтік және еуропа­шыл­дық идеямен қатар, қазақ дәстүрін және қазақ­тықты сақтап қалу идеясы болды. Сондай-ақ ол модер­низациялық және кәсі­би көз­қарастарға да бай болды. Маған осы қатты ұнады,– деп түсіндірген.

Мирзо Улукбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Кахрамон Раджабов та Алаш қозғалысы туралы тақырыпқа тереңірек түскен тарихшының біреуі. Қазақстандағы тарих қоғамына бұл ғалым түркі әлемінің ортақ тарихын тануға үлес қосушы азамат ретінде белгілі. Кахрамон Раджабовтың, жаңағы Уяма Томохиконың да еңбектері Алаш идеясы турасында түсінік беруімен, идеяны жүзеге асыруда саяси тұрғыда аса қомақты табыстарға жеткен үкімет мүшелері туралы кеңірек көрсетулерімен ерекше. Өздерінің айтуына қарағанда, Алаштың астанасы атанған Жымпиты сапары олардың жаңа ғылыми еңбектері үшін жүк болатын сыңайлы.

Ғалымдар Жымпитыдағы уақыттарында С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Алаш мұражайында, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішінде, Алаш саябағында болды.

Уяма ТОМОХИКО, ғалым, Жапонияның Саппора қаласындағы Хоккайдо университетінің жанындағы славяндық және еуразиялық зерттеу орталығының директоры:

Бұл менің Жымпитыға екінші рет келуім. Осыдан он жыл бұрын бір келгенмін. Жымпиты қалашығын Жаһанша Досмұхамедов және Халел Досмұхамедов секілді зиялы адамдардың еңбек еткен жері екенін де жақсы білемін. Мен ол кісілер туралы көп оқыдым.

Мені қуантқан бір жаңалық – Жымпитыдағы кезінде Алашорда үкіметі орнаған тарихи ғимараттың мұражайға айналғаны. Мұражай өте қатты ұнады.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары тәуелсіз қазақ мемлекеті үшін Жапония мемлекетінің даму моделін негізге алғысы келді. Бұл олардың құрғақ арманның емес, нақты мақсаттың, жоспардың иелері екенін білдіреді. Алашорда үкіметінің нақты жоспары болды. Ол жоспар бүгін орындалды. Қазақстан - қазір әлемдегі қарқынды даму үстіндегі елдің бірі. Елдің ішкі және сыртқы байланыстары сауатты. Қазақстанның болашағы бар.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале