12.08.2020, 17:32
Оқылды: 74

Вахталық жұмыс: Кімге пайда? Кімге зиян?

Әулеттің қорғаны болар азаматтардың дені заман ырғағына сай өрістерін малға толтырып, шаруашылықтарын дамытса, енді бірі кәсіпкерлік қырымен қалтасын қалыңдатып, іскер жандар көшіне іліккен. Мұндай бірді екі ету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Сонда Тасқала ауданының өзге азаматтары нәпақаларын қалай тауып жүр?

8C07812B-A3A0-41A9-8726-59B8679920E4

Басқасын айтпағанда Тасқала ауданында жергілікті тұрғындардың басым бөлігі (азаматтардың) студент, санаулы жолы болып кеткен маман иелерін қоспағанда, шамамен еңбекке қабілетті адамдардың 40-50 пайызы вахталық жұмыста істейді. Елдегі індет кезінде ауылға оралғандардың дені екі қолға бір күрек таппай, Орал қаласына жеке көлікпен кісі тасумен айналысты. Нақтырақ айтсақ, аудандағы жеке көлікпен жолаушы тасымалдайтын 5-6 бригада құрамында жұмыс істейді.

«Отбасы – шағын мемлекет» десек, сол мемлекеттің кіріс-шығысы отағасының иығына артылатыны бұлжымас заңдылық. Дегенмен соңғы жылдары әулеттің тұтқасын ұстағандардың ауылда тұрақты ісі болмай, шет елде (Мәскеу), өзіміздің Атырау, Ақсай қалаларында жұмыс істеп жүргені сөзімізге дәлел. Әрине, отбасынан жырақ жүріп нәпақа табу кімге оңай болсын? Бірақ мол табыс табу үшін осынау жұмыста істеп жүргендердің дені ұзақ уақыт жанұяңнан ажыраудың оңай емес екенін алға тартады. Әрине, оның жақсы жағы – табысың молайып, қалтаң қалыңдайды. Отбасылық бюджеттің қарны қомпая түседі. Сол вахталық жұмыс арқасында астына темір тұлпар мініп, баспана салып алғандар аз емес. Әрине, кіріс-шығыстың өз есебі бар десек те, осылай үй бетін көрмей істеудің нәтижесі тұрмысты сәл де болса түзеп алуға көмек етеді. Жағымсыз жағы - елден жырақта, отбасын сағынып, көпшілікпен бірге бір терінің пұшпағын бірге илеуге тура келеді. Көнбеске амал жоқ. Қалай болғанда да, не өз ісіңді ашасың, не елден, отбасынан жырақта жүріп, жұмыс жасауыңа тура келеді. Бұл – қазіргі жағдай. Барлық облыс, ауданда да осы жайт тығырықтан шығар жол іспетті. Екі ай істейтін болсаң, 700-800 мың теңге шамасында қаржы табарың анық. Бірақ елдегі індет көбінің ауылдан ұзап шығуына тұсау болып отыр. «Вахталық: ол қандай жұмыс?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Асылбектің осындай жұмыстарда жүргеніне бірталай уақыт болған. Басында РФ-ның Мәскеу қаласында істеген. Кейін Атырау қаласындағы 28 күндік еңбекке ауысады. Алғашында жұмыс күні 28 деп келісілгенімен, кейде екі айға созылатынын айтады.

– Осындай кезде отбасыңды сағынасың. 28 күн қашан өтер деп жүргенде, оған тағы 28 күн қосылады. Жалақың жақсы болғанымен, күннің ыстық-суығына төзіп тапқан ақшаң бейнетіңе татымайды. Қарынның тоқтығынан емес, амалдың жоқтығынан көнесің. Әсте, өз үйіңнен кіріп-шығып істеген жұмысқа не жетсін? Желкілдеп өсіп келе жатқан қызыма уақыт бөле алмайтыныма қынжыламын. Бір ай дала кезіп жүргенде, үйде біраз шаруа жиналып қалады. Оны бітірем дегенше, келесі вахтаға кететін уақыт болып қалады. Шаршап келіп, шаршап кетесің. Жолға шығарда қызымның мөлтілдеп тұратын көздері жүрегімді ауыртады. Қимай тұрады. Осыдан соң отбасыма жақын боламын деп шештім, қазіргі таңда ауылда коммуналдық мекемеде қызмет атқарамын, – деп ағынан жарылды ол.

Ал Руслан Мәскеудің «Крост», «Магнит», «Пятерочка» сынды құрылыс фирмаларында 2013- 2018 жылдар аралығында жұмыс істеген. Теміржолшылар дайындайтын жоғары оқу орнының жол қозғалысы инженеріне маманданған Руслан аудандағы ер азаматтардың дені сол Мәскеу қаласында әртүрлі фирмаларда жұмыс істейтінін айтады. Өзі аталмыш супермаркетте әрлеу жұмыстарының шебері боп жасаған екен. Электрик, кескіндеуші, әрлеуші, кірпіш қалаушы, сылақшы сияқты әртүрлісін жасай береді. Еңбекақы жұмыс түріне қарай беріледі. Мұндай қомақты жалақы ауылда жоқ екені аян. Отбасын асырау керек. Үш баласы бар. Қазір карантин кезінде Тасқаладан Орал қаласына жеке көлікпен жолаушы тасымалдайды. Әрине, елдегі індет кім-кімге де оңайға соғып тұрмағаны анық. Бірде қалаға бару үшін Русланның көлігіне міндім. Әлденеге алаңдаулы ол ішкі сырымен бөлісті.

– Қазір індетке байланысты елде карантин режимі екені баршаға аян. Екі-үш айдан бері жұмыссызбыз. Осылай қалаға жолаушы тасып, нәпақа табамыз. Салық комитетінің қызметкерлері келіп, жеке көлікпен күнкөріс етіп жүргенім үшін айыппұл салды. Бұл қаншалықты әділетті? Еріккеннен, әдейі қол қусырып отырған жоқпыз ғой, – деп қазіргідей қиын уақыттағы кей сала өкілдерінің қисынсыздығына наразылығын білдірді. Абырой болғанда, ол Заң тұрғысынан өзін ақтап алған. Русланның айтып отырғаны орынды. Өз еркімен жұмыссыз қалып отырмаған адамға салық салу қаншалықты дұрыс? Және елдегі қиын жағдайға орай жұмыс жасамайтын адам айыппұлды қайдан төлейді? Бұл да ойланатын жайт.

Ал Дастан 2018-2019 дейінгі аралықта Мәскеудің «Крост» деп аталатын құрылыс компаниясында жасаған екен. Ай, екі ай жарым істеп, отбасына оралады. Ай жарым демалып, кері кетеді. Жыл ішінде үш вахтада орын ауыстырған. Жалақысы қомақты. Ол жерде қалалықтар мүлдем аз. Басым бөлігі өз жерлестері. Өзге ауданнан да келетіндер көп. Құрылыс фирмасы болғандықтан, біреуі тас қалаушы, біреуі дәнекерлеуші болып әртүрлі жұмыстар істейді.

– Мен алғашқы екі вахта кезінде қара жұмыста жасадым. «Крост» компаниясында істеу қиын болды деп айта алмаймын. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін тыным таппайсың. Бір сағат түскі үзіліс, – дейді Дастан. Ол күніне 11 сағат бел шешпей еңбек еткен. Бұл құрылыс компаниясының Мәскеуде бірнеше нысандары бар. Кейбір жұмысшылар сол нысандағы жатақханада тірлік кешсе, кейбірі қалашықтағы шағын вагонда тұрады. Дастанға да 12 адаммен бірге шағын вагонда тұруға тура келген. Асхана, жуынатын жер, дәретхана бөлек. «Жағдай анабір жақсы болмағанымен, шыдай тұруға болады» дейді. Күніне берілетін үш мезгіл тамақ компания есебінен. Мамандығы – агроном. Өз саласы бойынша жұмыс жасауды қалайды. Қазіргі кезде карантинге байланысты ауылға оралған ол табыс көзін табудың оңай емесін айтады. Ақсай, Атыраудағы газ-мұнай компанияларына түйіндеме жіберген екен. Әзір елдегі індетке орай жауап болмай жатқан көрінеді. «Ол компанияларға да орналасуға тамыр, таныс керек деп ойлаймын» дейді ол. Бүгінде Дастан аудандағы «Әлем» супермаркетінде менеджер. Нақтырақ тарқатар болсақ, жиһаз сатады.

Самалдың (есімі өзгертілді) Ақсай қалашығында жасап жатқанына екі-үш жылдай болып қалған. Он бес күн жасап, он бес күн демалады. Оның міндеті – компаниядағы жұмысшыларға тамақ дайындау. Яғни, аспаз. Жұмыс аса қиын емес дегенімен, ауыр кастрюльдерді көтеруге тура келеді.

– Бір жерде ұзақ тұратын болғандықтан белің ауырып, аяғың бастырмай қалатын кездер болады. Бірақ үйреніп кетесің. Басқа амал жоқ. Қасымда тағы екі адам бар. Бұрын жұмыссыздықтың біраз тауқыметін тарттым. Осы күніме де шүкіршілік айтамын, – дейді Самал.

– Әрине, отбасыңнан жырақ болу қайдан оңай болсын?! Қыздарымды сағынамын. Амал не?! Ауылда мұндай жоғары жалақы таба алмасың анық. Әйтеуір жақын жер. Он бес күн де тым көп уақыт емес. Осында кіргелі жұмыссыздықта тартқан азабымнан құтылдым. Баспанамды жаңартып, тұрмысымды түзеп алдым. Денсаулық бар кезде қимылдап қалу керек қой, – деп өз ойымен бөлісті. Абырой болғанда, карантин кезінде бұл компания ісін тоқтатпаған.

Түйін. Тасқаланың еңбекке жарайтын халқының басым бөлігі Мәскеу қаласында жалдамалы жұмыста екенін жоғарыда айттық. Елге қайтпай, бірнеше жылдан бері жұмыс жасап жатқандары да аз емес. Олардың алды алпыстың ауылына қадам басса, соңы отызға тола қоймаған. Бұл тек Тасқала ауданындағы жағдай емес. Елде Үкімет тарапынан беріліп жатқан көмек, кәсіпкерлікті дамыту, өз істерін өрістету, бау-бақша салу, құс, мал өсіру сынды табыс көзін табуға еш кедергі жоқ. Бірақ халық оған әлі дайын емес сынды. Неге? Әрқайсысы бір-бір қарулы азаматтар «күнкөріс қамымен отбасынан жырақ жүргенше, өз шаңырағыңда, төрт көзің түгел, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, бақуатты тірлік кешкенге не жетсін?!» дейді өздері. Мүмкін, өзің үшін еңбек етудің маңызын мектеп бағдарламасына енгізген жөн шығар. Яғни бизнесті бала кезден үйрету – ертеңгі дәулетті өмірдің кепілі сынды. Сіз қалай ойлайсыз?

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале