19.02.2018, 16:26
Оқылды: 37

Вице-министр Бөрліде болды   

Елбасының Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Бөрлі ауданына жұмыс сапарымен келді. Олардың қатарында ҚР Энергетика Министрлігінің бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжановтар бар.

Жұмыс сапары аясында «Конденсат» АҚ ұжымымен кездескен басшылар Жолдаудағы негізгі басым-бағытты атап өтіп, іске асыру жөнінде кәсіпорын мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінде кәсіпорын 450-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Конденсат» АҚ өңірді жанармай қажеттілігін толық өтеуге қауқарлы. Екі жыл бұрын компания «К5 экологиялық класының бензин компоненттерін өндіруге арналған қондырғылар» маңызды инновациялық жобасын аяқтады. Осы жобаны іске асыру «Конденсат» АҚ-на Қазақстандағы бірінші болып жылына 200 мың тонна өндірістік қуаты бар жоғары октанды ерітінділер бензинін шығаруға мүмкіндік берді.

«Конденсат» АҚ қоршаған ортаға өндірістік залалдардың анағұрлым аз болуын бірінші күннен ойға алған. Өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен табысты мұнай өндіруші кәсіпорын, жаңа технологияларды қолдана отырып өндіру өнімін көбейтуді жоспарлап отыр. Шикізатты жүктеу мәселесін шешіп алсақ, бұл кәсіпорынның болашағы жарқын боларына сенемін» - деді, Махамбет Жолдасғалиұлы. Одан соң вице-министр «Қарашығанақ» компаниясына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді.

Ал Саян Ахметжанов болса, аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен мемлекеттік кірістер басқармасының жұмыс барысымен танысты. «Тұрғындарға көрсетілетін қызметтің дені осы қос мекемеде іске асады. Сондықтан ғимараттардың заман талабына сай болуы абзал. Бір терезе қағидасы бойынша қызмет түрін тұрғындар еліміздің түкпір түкпірінде алуы тиіс. Аудандағы қос ғимараттың заман талабына сай болуын қадағалаймыз», - деп, одан соң Саян Қылышұлы аудан активімен кездесті. Елбасы Жолдауын айтып өткен мейман, мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс жасауларына жағдай жасау туралы сөз қозғады. Мемқызметкерлердің жалақыларын  көтеріп, тұрғын үймен қамту мәселесі де айтылды.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале