20.08.2018, 10:10
Оқылды: 28

Волгоградта қазақ мәдениетінің фестивалі өтеді

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев бастаған делегация Волгоград қаласындағы орталық аудан әкімшілігінің басшысы Владимир Матасовтың шақыруымен осы қалаға барды.

Жәнібектен барған меймандарды орталық аудан әкімшілігі басшысы бастаған топ Волгоград қаласындағы орталық мәдени және демалыс саябағынан күтіп алып, саябақ ішіндегі қазақтың киіз үйіне бастады. Киіз үй ішінде жұмыс мәжілісі оздырылып,  Волгоград қаласында биыл қыркүйек айында өткізілетін «Қазақ мәдениетінің фестивалі» атты шараның жоспары талқыланды.

Аталған өнер мерекесіне Жәнібек ауданының көркемөнерпаздары, ұлттық ойын спортшылары қатыспақ. Сондай-ақ ауданымыздан қазақтың ұлттық тағамдар мәзірі қойылатын асхана әзірленіп, фестивальға әкелінеді. Жұмыс мәжілісінде Волгоград қаласындағы орталық аудан әкімшілігінің басшысы Владимир Матасов, аталған қаладағы орталық мәдени және демалыс саябағының директоры Андрей Жарков, Волгоград облысындағы «Алтын-Нұр» этнографиялық орталығының директоры Смағұл Мұнтаев сөз сөйлеп, Жәнібек ауданынан өнер мерекесіне келетін көркемөнерпаздар мен спортшыларға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетілетінін баяндады. Өз кезегінде Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев  жәнібектіктердің өнер мерекесіне қатысу жөніндегі олардың ұсыныстарын қолдап, Волгоград қаласында өтетін фестивальға ауданнан қатысатын көркемөнерпаздар мен спортшыларды, ұлттық асхананы жеткізуге барлық мүмкіндік жасалатынын мәлім етті.

Н.Өтей,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале