28.04.2018, 10:32
Оқылды: 61

Волгоградта қазақстандық батырлардың құрметіне ескерткіш белгі бой көтерді

IMG_0079РФ Волгоград қаласындағы даңқты Мамай Қорғаны мемориалдық кешенінде «Батырлар жолымен» - «Дорогой славы» халықаралық жоба аясында Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ескерткіш белгі бой көтерді. Аталмыш ескерткіште «Сталинградты қорғауда ерлікпен қаза тапқан қазақстандық батырлар рухына мәңгілік тағзым» деген жазу бар.

Еділ өзенінің іргесіндегі қалаға барып тұрып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ата-бабаларымыздың ерлігіне деген  мақтаныш рухы бойымызға күш беріп, бас иіп тағзым жасадық. Осынау салтанатты шараға Алматы қаласындағы «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, аталмыш ұйымның жауапты хатшысы Талғат Қаналиев, генерал-майор Махмут Телеғұсов, генерал-майор Амангелді Құрманғалиев, полковник Өрнебек Смаилов, Орал қаласындағы М.Мәметова мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенова, БҚО ҚХА хатшылығының бас инспекторы Жанар Жұмағазиева, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов,  және ауданымыздан бір топ  ардагерлер, сонымен қатар көршілес Қазталов ауданынан да делегация барған болатын.

Қазақ елінен ат сабылтып, жан тебіренісімен барған қонақтарды Волгоград қаласындағы «Қазақстан мұрасы» қорының төрағасы Айболат Ахметов пен «Әскери қарсы барлау ардагерлері» аймақтық қоғамдық ұйымы төрағасының кеңесшісі Артем Артеменко қарсы алып, жол бастады. Сапар барысында қуанышты да тебіреністі сәтке куә болдық. Павлодарлық «Майдан жолы» із кесушілер отряды Волгоград облысы аумағында соғыс оты шарпыған жерлерге қазба жұмысын жүргізіп, осы күнге дейін белгісіз болып келген екі жауынгердің сүйегін тапқан екен.

Салтанатты жиын Қазақстан және Ресей елдерінің гимндерінің орындалуымен ашылды.  Ғайса қажы соғыста Отан қорғау жолында шахид болған қазақстандық жауынгерлерге бағыштап құран оқыды.

IMG_0084Құрметті қарауыл ротасы жауынгеріне Рүстем Есімханұлы қазақ жерінің топырағы салынған копсулді табыстады. Ал жауынгер өз кезегінде копсулді ескерткіш белгінің іргесіне көмді.

Волгоград облысы губернаторының орынбасары Александр Блошкин, Қазақстан Республикасының консулы Қанат Шеккалиев, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, «Майдан жолы» із кесушілер отрядының командирі Александр Шитов, «Ростов Нива» ААҚ компаниясы атынан Салаудин Губашев, Волгоград қаласындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясы қоғамдық ұйымы атынан Жарасхан Жолмағамбетов және тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы ұлттар достығы, қазақ халқының Ұлы Жеңіске қосқан үлесін айтып өтіп, делегация мүшелері ескерткіш белгіге гүл дестелерін қойды. Батыс Қазақстан облысы атынан М.Мәметова мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудан атынан Азамат Сафималиұлы мен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Қан майданда тобықтан қан кеше жүріп, Отан үшін жандарын пида еткен боздақтарға мың тағзым.

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

                                                                                                                               Жәнібек-Волгоград-Жәнібек

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале