16.04.2018, 17:39
Оқылды: 70

Волжскідегі қазақтар Наурыз мейрамын тойлады

Ресей Федерациясы Волгоград облысы Волжск қаласындағы қандастарымыз Наурыз мейрамын тойлады.

Бұл шараға Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев бастаған делегация арнайы қатысты. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласы және «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында шетте жүрген қандастарымызға ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттау бағытында өткен шараға жиылған халықта есеп жоқ болды.

Төрт бірдей құрылған киіз үйдің іші-сырты ұлттық киім-кешек, ата-бабаларымыз қолданған тұрмыстық заттармен жабдықталған. Ал дастархан ұлттық тағам түрлерімен толып тұрды. Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Қазақстан деп жырлаймын»  атты кітап және фото көрмелерін көпшілікке ұсынды.

«Волжск қазақтары қоғамдық ұйымының» төрағасы Ерсайын Назаров барша жиылған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтаған соң, шараға көршілес Жәнібек ауданы әкімдігінің қолдауымен арнайы делегация кел-
генін атап өтіп, шексіз ризашылығын білдірді. Ұйымдастырушылар кезекті құттықтау сөз кезегін Волжск қаласы әкімшілігінің басшысы Игорь Воронинге берді.

- Наурыз мейрамы-түркі халықтарының ежелден бері тойлап келе жатырған мейрамы. Бүгінгі күні осы мейрамды атап өтуге келген баршаңызға құт-береке, ырыс тілеймін. Біздің қаланы мекен еткен көп ұлт өкілдері арасында қазақ халқының еңбекқорлық және қонақжайлық қасиеттерін ерекше атап өткім келеді. Міне, көршілес Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев бастаған делегация келіп, бізді қуантуда. Наурыз мейрамын жақсы етіп атап өтуге баршамыз да үлес қосайық. Дендеріңіз сау болып, амандықта кездесейік, - деді Игорь Николаевич.

Содан соң аудан әкімі Азамат Сафималиұлы ресейлік қандастарымызды Наурыз мейрамымен құттықтап, шынайы жүрекжарды лебізін жеткізіп, Игорь Николаевич пен Ерсайын Назаровқа кәдесыйлар табыстады.

Ресейлік қандастарымыз Анар Зайнуллина, Тимур Кайбалиев, Кәмила Сисенова, Шыңғыс Еділбаевтар әннен шашу шашса, ресейлік қазақ жастары «Қара жорға» биін биледі. «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблі «Адай, «Құрманғазы»  күйлерін күмбірлетсе, Тамара Кафарова «Угай-ай», Дана Қаратаева «Саржез құмған-ай» халық әндерін, Райымбек Каримов «Тойбастар», Мейрамгүл Дәулетқалиева «Жасасын өмір» әндерін әуелетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды. Өнерпаздардың орындауындағы ән мен күйге шетте жүрген қандастарымыз ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Жақсылық Бисенғалиев домбыраның сүйемелдеуімен «Беташар» айтып, аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері беташардан көрініс көрсетті. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ат құлағында ойнаған шабандоздарының теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және көкпар ойындарын көрсеткені Еділ бойын қоныстанған әр қазақтың тұлабойына қан жүгіртті десе артық айтпаған болармыз. Сонымен қатар қазақша күрес және қол күресі сайыстары екі ел спортшыларын одан әрі жақындата түскендей әсерде болдық.

                                                                                          Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек ауылы

IMG_0103 IMG_0129 IMG_0130

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале