14.06.2018, 10:23
Оқылды: 566

Х.Бөкеева атындағы театр ұжымы Бөкей ордасында болды

IMG_0424Жерлесіміз, облыстық қазақ драма театрының режиссері Самал Әбуов бастаған өнер ұжымы башқұрт драматургі Флорид Буляковтың шығармасы бойынша «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын бөкейліктердің назарына ұсынды.

Қойылымның басты кейіпкері Григорийге өлім періштесі үш сағат қана мүмкіндік береді. Біраздан төсек тартып жатқан шал ұйқысынан ояна сала кемпірі Василисаға түсіне ажал періштесі енгенін, үш сағаттың көлемінде сауапты іс жасаса, кешірімге ие болып, ғұмыры ұзаратынын айтады. Сол сәттен бастап кемпірі екеуі қандай жақсылық жасауға болатынын ақылдасып, өткен өмірлеріне ойша сапар шегеді. Әттеген-айы, қос қарияның жастық шақтарында махаббат пен жылулыққа толы сәттері тіптен аз болған.

Әрине, бұл көріністі әзіл деп ұғынсақ та оның астарында үлкен мән жатырғанын аңғару қиын емес. Бастысы, Григорий Василисасына өзінің шынайы ғашықтық сезімін ұғындырып үлгерді. Өкініштісі, қас пен көздің арасында ауру шал емес, сүйікті Василисасы мәңгілікке аттанып кете барды. Иә, қамшының сабындай қысқа ғұмырды өкінішсіз өткізгенге не жетсін?!

Айта кетелік, театр режиссері С.Әбуов жерлестеріне зор ризашылығын білдіріп, аудандық демалыс орталығының директоры Жоламан Сисенғалиевке кітаптар тарту етті. Ал, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов театр ұжымына ескерткіш сыйлық тарту етіп, бөкейліктер атынан алғысын жеткізді.

Арайлым Есмағұлова

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале