5.12.2019, 19:30
Оқылды: 4249

Халқымыз ауа райын қалай болжаған?

Бүгінгі күні кез келген адамның қолынан табылатын ұялы телефон ауа райын күн сайын ғана емес сағат сайын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Бұл қазіргі заманның жетістігі. Ал ертеде қазақ халқы ауа райын қалай болжаған? Академик-ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақ әлемі» ғылыми-зерттеу еңбегінде ата-бабамыздың ауа райын қалай болжап, пайдаланғандығы туралы жазып кеткен. Ендеше, дана халқымыздың ауа райы жайындағы жорамалдары мен ырымдарына назар салып көрсек.

pogoda

«Бозторғай ұясын ойпаңға салса, жаз қуаң болады. Бозторғай ұясын қыраңға салса, жаз жауынды болады.

Жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз созыла түседі. Жыл құстары қайтқанда төмен ұшса, қыс қатты болады.

Қарға топтасып қарқылдаса, ауа райы бұзылады.

Шегіртке шырылын тоқтатса, жауын болады.

Аю апанын биікке салса, көктем ерте шығады.

Күн батарда көк жиек ашық болып, қызыл шапақ шашса, ауа-райы жылынады.

Шық қалың түссе, шөп қалың бітеді.

Жылан жиі-жиі бой көрсетсе, жауын-шашын болады.

Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп шүйгін шығады.

Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне алшақ болса, ауа райы мал-жанға жайсыз болады. Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне жақын болса, ауа райы мал-жанға жайлы болады».

Міне, жан-жануарлар мен жәндіктердің қимыл-қозғалысынан, аспан денелерінің ауысуынан болған өзгерістерді табиғат құбылыстарына теліп отырған бабаларымыздың даналығы мен тапқырлығына тағы бір дәлел тапқандаймыз. Бұл ойымызды Шыңғырлау ауданының тұрғыны Қуаныш Ығылманұлы да қостайды.

«Кең даланың төсінде мекен етіп, тынымсыз тіршілік кешкен кешегі көшпелі қазақты әшейін «қой құрттап, қойыртпақ ұрттап» күнелткен дей алмаймыз. Күнделікті тұрмыстағы сал-дәстүр, отбасындағы тәрбие, ырым-тыйым, жұлдыз-жорамалдарының бәрі де бабаларымыздың дала философиясын ерекше меңгергендігін аңғартады. Бала кезімізде үлкендерден «Түнгі аспан ерекше жарық, жұлдыздар да бірінен-бірі асып, жыпырлап көрінеді. Ертеңгі күн ерекше жылы болады-ау» немесе «Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, жазғы шөп шүйгін шығады» деп болжам жасап отыратындарын жиі еститінбіз. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген аталы сөзге сүйенсек, халқымыздың күн райын болжау ерекшелігін әлі де зерттеп-зерделеп, жинақтау қажет деп ойлаймын», - дейді Қуаныш Ығылманұлы .

Расында да, егде жастағылар естен шығармай, бүгінге дейін қолданып келген күн райын болжау тәсілдерін ескеріп жүрген жөн, қадірлі оқырман.

Самат Байболат

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале