10.07.2019, 18:27
Оқылды: 231

Халық қалаулылары Теректіде

Теректі ауданына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Арман Қожахметов пен Қанат Мусин келді.

IMG_0030

Депутаттар іссапарын Пойма ауылында орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС май өңдеу зауытынан бастады.

Елорда төрінен келген меймандарды зауыттың жұмыс үрдісімен таныстырған директор Ақылбек Сармалаев күнбағыс тұқымының қайта өңделетінін айтты. Содан соң депутаттарға тазартылмаған және тазартылған күнбағыс майларының айырмашылығын көрсетіп, былтыр 235,4 тонна май мен 422,15 тонна күнжара өндірілгенін, 50 тонна майдың Өзбекстанға экспортталғанын мәлімдеді.

-Зауытта маймен қатар ұн да өндіреміз. Біздің табиғи өнімдеріміз көршілес Ресейде сұранысқа ие. Алты жыл бойы ұн мен күнбағыс майын Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов қалаларына, Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне экспорттадық. Тек шетелге тауар шығарғанда, құжат толтыру мәселесі қинайды. Әр вагонға әртүрлі құжат керек. Осындай қағазбастылықтан айырылсақ, бәрі тамаша болар еді, - деді Ақылбек Абзалұлы.

IMG_0043

Май зауытының жұмысы мен жетістіктеріне көңілі толған Қанат Сергейұлы аталмыш өнімдерді еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға да жеткізу қажеттігіне тоқталды.

Халық қалаулылары Пойма ауылынан соң ат басын Ақсуат ауылдық округіне бұрды. Ақсуат ауылына кіре беріс жолдың күрделі жөндеуден өтіп жатқанына куә болған қос депутат мердігер «Тоби» ЖШС директорының орынбасары Асыланбек Рахметовке сұрақтарын қойды.

Жол жөндеумен 2002 жылдан бері айналысып келе жатқан Асыланбек Меңдіғалиұлы барлық техникалардың талапқа сай екенін, ешқандай мәселенің жоқтығын, 2443 метр жолды жөндеп, халыққа уақытында ұсынатындарын жеткізді. Осы сәтте аудан әкімі Әділ Тауфикұлы Теректі өңірі бойынша жолдың 5%-ы жақсы, 47 %-ы қанағаттанарлық, 48%-ы өте нашар деп бағаланғанын айтты.

IMG_0051

Ауданның ең басты күрмеуі шешілмеген мәселесіне қаныққан қонақтар күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған Ақсуат мектебін де назардан тыс қалдырмады. 1984 жылы салынып, ешқандай жөндеу көрмеген мектепте 309 оқушының екі ауысыммен оқитынын айтқан аудан басшысы Әділ Жоламанов халық көп шоғырланған округтегі мектептің жағдайын жақсартуды қолға алғанын баяндады.

Кезек аудан орталығы Федоров ауылына да келді. Депутаттар «Альтаир» ЖШС салған 36 пәтерлік тұрғын үйді, «Ақ желкен» балабақшасы мен былтыр жөндеуден өткен аудандық аурухананы аралап, тұрғындармен сұхбаттасып, хал-жағдайларымен танысты.

Аягөз Айтқалиева,

суретке түсірген Исламгүл Шалабаева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале