15.03.2018, 12:31
Оқылды: 41

Халықты алдап, ақша жасаудың амалы ма? Немесе тұрғындардың жанайқайын тыңдайтын кім бар?

Тасқала ауылының тұрғыны Жаңыл Мұханалиева «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы Тасқала газ учаскесіне қатысты арыз-шағымын айта келді. Оның айтуынша, газ есептеуіш құрылғысын (счетчик) уақытында тексеруден өткізбегені үшін ешқандай ескертпей, базадан айырып тастап, мойнына 12 мың теңге жүктеп қойған.

Жетінші ақпан күні пайдаланған газдың ақшасын төлеуге барған Жаңыл Мұханалиева (суретте) кассир қыздан бір ай бұрын газ есептеуіш құрылғысының айырып тасталғанын, енді қайта қостыру үшін 12 мың теңге төлеуге тиіс екендігін естігенде, төбесіне жай түскендей болған.

– Түк түсінбей мекеме басшысы Ақылбекке кірдім. Ол «қалаға барыңыз» дегеннен басқа ештеңе деген жоқ. Ертесіне газ есептеуіш құрылғыны қалаға апарып тексеруден өткізгенімде, олар жарамды екенін айтты. Жарамды болса, мен неге 12 мың теңге төлеуім керек. Менің газ есептеуіш құрылғымның уақыты шілде айында біткен. Ай сайын газдың ақшасын төлеуге барып жүрміз, сонда неге ескертпеген? Әбден жеті ай өткеннен кейін барып естеріне түсіп жатыр ма? Неге осы уақытқа дейін ескерту қағазын (уведомление) бермеген. Мүмкін 12 мың біреуге ақша емес шығар. Алайда біз сияқты қарапайым тұрғындардың қалтасына кәдімгідей салмақ салатыны анық. Уақытында ескертілсе, мойнымызға пәленбай мың ақша іліп неміз бар, - дейді Жаңыл Мұханалиева.

Газ мекемесіне ашулы тек бір адам емес. Сонымен қатар Гүлжамал Жакиева есімді әжей де 43 766 теңге төлеуге тиіс болған. «Жолдасым газдың ақшасын төлеуге барғанда кассада отырған қыз «Сіздің 43 766 теңге абоненттік берешегіңіз бар» депті. Жолдасым ашуланып үйге келді «ай сайын кешіктірмей төлеп отырмыз ғой, қайдағы берешек?» деп. Содан мұндай ақшаны бұлар ауадан алып отыр ма деп газ мекемесінің басшысынан себебін сұрағанымызда, бізге газ есептеуіш құрылғының тексеруден өтуге тиіс уақыты шілде айында өтіп кеткендігін айтты. Бұл қалай сонда? Төлеп келген күндерді есептеп, алып тастағанда әлгі 43 766 теңгеден қазір 26 мыңы қалып отыр. Ай сайын ақша төлеуге бар-ғанда «Сіздің газ есептегіш құрылғыңыздың уақыты өтіп кетті немесе осындай уақытта тексеруден өткізуіңіз қажет» деп неге айтпайды. Уақытында ескерту қағазын неге жібермейді? Шілде айында жіберуге тиіс ескерту қағазын осы күні кеше әкеліп тұр. Ақша алуды біледі, ал ескертуді білмей ме сонда?! Газдың төлеміне 500 теңге жетпей қалса жетіп келеді, енді неге 43 мыңға барғанша айтпаған? Білмей жүре берсек, 100 мыңға дейін апарып қоятын түрлері бар.

Газ есептегіш құрылғы әлі бес жылға дейін жарамды. Бір тиын да төлемеймін!» -  дейді ашынған әжей.

Мәселенің анық-қанығын білмек болып, газ учаскесіне бас сұғып едік, басшысы Ақылбек Наурызов қандай бір пікір білдіруден бас тартып, «қалаға барыңыз» дегеннен әріге аспады.

Жазған құлда шаршау жоқ. «Қалаға барыңыз» деген соң «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы ішінен орын тепкен «РЦКУ-Уральск» ЖШС-ның директоры Ерлан Мырзабековпен тілдестік.

- Газ есептегіш құрылғының жарамды уақыты бес жылға дейін. Бес жылдан соң міндетті түрде тексеруден өткізу қажет. Егер уақытында тексерістен өтпесе, нормативтік аударыммен әр адам басына есептелінеді. Бір адамға 10 теңге 6 тиын. Сосын көпшілікке ашық келісімшарт деген бар. Онда абоненттің барлық міндеттері жазылып тұрады. Біз үш ай бұрын әр абоненттің түбіртек қағазының (квитанция) астына «Сіздің газ есептегіш құрылғыңыз осындай уақытта тексеруден өтуі қажет» деп жазамыз. Бірақ бұлай жазу немесе ескерту қағазын (уведомление) жіберу біздің міндетімізге кірмейді. Газ есептегіш құрылғыны абоненттердің өздері қашан, қай уақытта тексертетінін білулері қажет. Енді сіз айтып отырған тұрғындардың наразылығына келетін болсақ, газ есептегіш құрылғының тексерістен өткізгендігі жөнінде сертификатпен бізге келсе, бір айдың нормативтік аударымын алып тастаймыз, - дейді Е.Мырзабеков.

«Түбіртектің астына ескерту жазып отырамыз» деген соң, біз де түбіртекке үңіліп көрдік. Көзі нашар көретін адам былай тұрсын, орыс тілінде жазылған ондағы тым ұсақ жазуды сау адамның көзі әрең көреді екен. Жарайды, осы тұста тұрғындарға газ есептегіштің тексеруден өтуге тиіс уақытының өтіп кеткендігі неге бір-екі айдан кейін емес, бақандай жеті айдан соң айтылады? Әлі қанша адамның дәл осылай сең соққан балықтай сенделіп жүрерін бір Құдайдың өзі біледі енді. Әлде бұл да аңқау халықты алдап соғып, ауадан ақша жасаудың бір амалы ма?

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала  ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале