28.03.2018, 16:09
Оқылды: 28

Халықтық театр әртістері «Қысылғаннан қыз болдық» қойылымын ұсынды  

27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы халықтық театр әртістері жергілікті көрерменге жаңа қойылым ұсынды. Белгілі драматург Сәкен Жүнісовтің екі бөлімнен тұратын «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын сахналаған театр ұжымы көрермендерді күлкіге қарық қылды.

Репертуарларын жетінші қойылыммен толықтырған театр ұжымы «Қысылғаннан қыз болдық» пьесасын жоғары деңгейде сахналап берді.

Жеңіл әзілге құрылған комедия жанрындағы қойылымның оқиға желісі ауыл өнерпаздарының шытырман оқиғасын алға тартқан.

Ауылда әр салада қызмет атқарып жүрген мамандардың басын қосып Астанаға өнер байқауына қатыстыруды мақсат қылған ауыл әкімі Ыбырайдың әрекетінен оқиға желісі басталады. Бірақ байқау шарты бойынша қатысушылар қыздардан құралған топ болуы керек. Өнер байқауына қатысу үшін қулыққа барып, ауылдағы тәртіп сақшысы Алтынбекті қыз қылып киіндіреді. Бар қызық осы жерден басталып, оқиға шиеленісе түседі. Алтынбекті қыз деп ойлаған музыкант жігіт Едіге оған ғашық боп қалады. Қалайда жүлдеге ілігуді көздеген мал дәрігері Жұмат музыкант жігіт пен ауыл полицейіне кездесу ұйымдастырып береді.

Едігенің септігімен Астанадағы өнер байқауының І орынын жеңіп алған ауыл өнерпаздарының Түркия еліне жолдама алуымен қойылым желісі аяқталады.

Алтынбек, Едіге, Жұмат рөлдерін шебер сомдаған Азамат Жексенбаев, Нұрғиса Орынғалиев, Қуаныш Дүйсекештерге көрермендер қошеметі ерекше болды.

Қойылым соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мербол Есендосов сахнаға көтеріліп, театр әртістерін төл мерекелерімен құттықтап, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтанның атынан алғыс хат пен сыйлық табыстады.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале