30.09.2019, 12:48
Оқылды: 45

Халықтың алғысынан артық ештеңе жоқ

Еңбек күніне орай аудан орталығындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Батима Кентоғаева аталмыш салада көп жылдар бойы еңбек еткен Раушан Мүсәлімовамен кездесу шарасын өткізді. Оған сала мамандары қатысып, зейнеткердің өзі жүріп өткен өмір жолынан хабардар болды.

 tasqala

Ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте болған кейіпкер еңбекке ерте араласып, қызметтің қыр-сырына қаныққан нағыз өз ісінің маманы. Бойында өзіне тән қайсар мінезді Раушан Сабырғалиқызы осы кезге дейінгі қызықты сәттерімен бөлісіп, кездесуге келген қауымға әңгімелеп берді. Раушан Мүсәлімова 1959 жылы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда қарапайым шопандар отбасында дүниеге келген. Жастайынан атқа мініп өскен қайсар қыз, жұмысқа 16 жасынан араласыпты. Бірден оқуға түсуге жолы болмағандықтан, қызметті Оралдағы Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасынан бастады. Кездесу барысында тігіншілік жанына жақын болмаса да сол кезде атағы дүркіреп тұрған фабрикадан тәжірибе жинағанына бұл күнде өкінбейтінін жеткізді. Кейін туған жеріне келіп еңбекке араласады. Негізгі жұмысы асыл тұқымды қой шаруашылығының құжаттарын толтыру. Жұмыс істей жүріп, Алматы зооветеринарлық институтына сырттай оқуға тапсырып, оны аяқтайды. Оқуды бітіргеннен соң №1 ферманың меңгерушісі болып қызмет атқарады. Шаруашылықта жүргенде қызмет бабына байланысты мотоцикл айдаған кездері де болған. Тағы бір естелігінде Раушан Сабырғалиқызы ауыл әкімі болып халықпен бірлесе жұмыстанғанын кейінгі жастарға айтып берді. Елбасының атынан келген құрмет грамоталарынан бастап бірнеше марапаттарға ие болғандығын, бірақ халықтың алғысынан артық марапат жоқ екендігін Раушан Сабырғалиқызы кездесу барысында айтты.

Осындай жылы шырайлы кездесудің соңында Батима Кентоғаева ұжымның атынан естелік сыйлық табыстап, жылы лебізін жеткізді. Еліміздің дамуына зор үлес қосқан кейіпкеріміз сала мамандарымен емен жарқын әңгіме-дүкен құрып бір жасап қалғандығын жасырмады.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале