16.10.2020, 12:26
Оқылды: 485

Хан ордасы дегенде...

Алдағы жылы Бөкей хандығының құрылғанына – 220, Жәңгір хан мектебіне 180 жыл толғалы отыр. Бөкей хандығының Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Бөкей, содан кейін оның ұлы Жәңгір хандық құрған Еділ – Жайық аралығындағы осынау тарихи аймақтан талай мықты түлеп ұшты. Олардың арасында мемлекет іргесін қалаған қайраткерлер, ғалымдар мен ақын-жазушылар, әнші-композиторлар, түрлі сала саңлақтары аз емес. Оларды кейінгі ұрпақтың біле жүргені дұрыс. Осыған орай бөкейліктер екі тарихи оқиғаны кең көлемде атап өтуді ойластыруда. Біз бұл бастаманы құптай отырып, ой-пікірімізді білдіруді жөн көрдік.

Xan ordasy (1)

Ақпараттық технология заманы, Ыбырай Алтынсарин жазғандай, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып отыр. «WhatsApp» мессенджері арқылы Хан ордасы мектебі түлектерінің тобы құрылған екен. Ел азаматы Лавр Хайретдинов бастаған мектеп түлектері игі істі қолға алыпты. Олар 2021 жылы Жәңгір хан атындағы білім ордасының 180 жылдығын лайықты ұйымдастыру үшін жұмыс тобын құрып, мектеп түлектерін осы іске белсенді қатысуға шақырады. Өте құптарлық жайт. Бұл жерде әр адам қандай ұсыныс жасайтыны және қандай қолдау көрсете алатыны сөз болуда.

Хан ордасы – талай тарландардың ұшқан ұясы! Бұл ауылдан шыққандар Қазақстанның әр жерінде тұрып жатыр. Сонымен қатар Ресейдің көрші облыстарында, басқа шетелдерде тұратындар қаншама? Небір алмағайып замандарда қоғамның қыспағынан жан-жаққа тарап кеткендер аз емес. Солардың бәрі де Орда десе, шығарға жаны бөлек.

Xan ordasy (2)

Аталған топтың бастамасын қолдап, пікір білдіріп, сағынышты сәлемін жолдап жатқандар да бар. Соның бірі Фарида Якубқызы Оразгелдиева жерлестеріне жүрекжарды сөзін арнап, мектеп түлектерінің басы бірігіп отырғанына қуанышын жеткізіп, қандай іс те қаржыға келіп тірелетінін ескерте келе, қаржылай қолдау көрсетуге де даяр екендігін білдірді.

Бұл жерде тек мектептің мерейтойын жеке алып қарамай, тарихи маңызы зор мекенді көркейту ісін шындап қолға алатын кез жетті. Өйткені Хан ордасының тарихы бір адамның немесе Бөкей мен Жәңгір хандардың тарихы емес. Ол – Қазақстан тарихының бір бөлшегі! Сондықтан оған айрықша көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын.

Осы орайда, менде мынадай ұсыныс бар.

2021 жылы Бөкей сұлтанның қоныс аударуының 220 жылдығы және мектептің 180 жылдығы қарсаңында іргелі іс-шаралар іске асқаны жөн.

Біріншіден, Хан ордасы ауылының бүгінгі жай-күйі қанағаттандыра ма? Жоқ. Кеңес одағы кезінде көп теперіш көрді. Ол тұста Орда, Торғай сияқты қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтап отырған мекендер әдейі жойылды. Қала мәртебесін алып тастады. Орданың жері полигонға беріліп, тұрғындары еріксіз жан-жаққа көшірілді. Ауылды дамытуға тыйым салынды. Кезінде аудан орталығы болды, ол мәртебесінен де айырылды. Міне, сондай саясаттың зардабынан қасиетті мекеніміз азып-тозды. Ал тәуелсіздік жылдары игі істер қолға алынып еді, бірақ нарық заманының қыспағы басталды. Әлі күнге қамқорлықсыз қалып келеді. Қазір осы киелі мекеніміз – құмның ортасында елеусіз жатқан ауылдың бірі. Осыншама тарихы бар мекен сондай жағдайға түсуге лайықты ма еді? Әрине, жоқ.

Жалпы, Орда ауылына мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінуі керек. Хан ордасы еліміздегі үлгілі мекендердің біріне айналуы қажет! Ол үшін республикалық, облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінуіне қол жеткізгеніміз абзал. Сонымен қатар Орда дегенде қолдау көрсетуге ықыласы бар азаматтар аз емес. Ата-аналары Бөкей ордасынан шыққандар бар.

Xan ordasy (3)

Басқа өңірде туып-өскен көптеген кәсіпкерлер де мұндай игілікті іске қол ұшын созар еді. Айрықша тарихы бар ауылды әлеуметтік-экономикалық қолдау, экологиясын жақсарту, елді мекенді көркейту мақсатында кәсіпорындар мен жеке адамдар қаржы аударуы үшін Хан ордасы қоғамдық қоры құрылса деймін.

Ел болған соң, алуан түрлі адам болады. Нарық заманында қиындық көріп жүрген адамдар кейбір пікірімізді дұрыс түсінбеуі де мүмкін. Сондықтан тарыққан жандар болса, оларға қолдау көрсеткеніміз де жөн. Яғни біз үшін ешбір ордалықтың көңілін кірбің шалып, өмірден күдер үзіп, қиналып жүрмеуі керек. Осы орайда, мұқтаж адамдарға, көп балалы отбасыларға, жетім-жесірлерге көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қорын да ашқанымыз дұрыс. Оны «Мәншүк Мәметова атындағы қайырымдылық қоры» деп атасақ деген ұсынысым бар.

Екі бөлек қор болса, қаржы аударуға ниетті адамдар екеуіне  екі бөлек соманы жіберер еді. Мысалы, бірінші қоғамдық қорға молырақ қаржы аударса, қайырымдылық қорға өз қалауы бойынша ақша бөледі деп ойлаймын.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жай-күйі түгел зерттеліп, жоспар құрылғаны жөн. Көрікті мұражай кешені жұмыс істеп тұр. Өте жақсы. Туристерге көрсететініміз бар. Ауылды туризм орталығы жасаймыз дейміз. Қалай? Мысалы, басқа жақтың адамдары трактормен емес, жеңіл көлікпен барады. Олар ауылдың кез келген бұрышында құмға батып қалып жатады. Сонда ол қандай туризм? Сондықтан ауылдың көшелеріне асфальт төсеу мәселесін шешкеніміз дұрыс болар еді. Жас балалар ойнайтын шағын футбол алаңы салынса екен. Экологиялық мәселесі де жетіп жатыр: қарағайларды қорғау, Әймекен жер асты су қорынан мөлшерден тыс су айдай берудің зардабы қаншалықты, ауыл төңірегіне жасыл-желек отырғызу, малдарды ауылда ұстамай, жайылымдарда бағу және басқа.

Xan ordasy (4)

Бұл бір күннің шаруасы емес және қиял емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Тарихы мол, жері құнарлы, халқы берекелі бір ғана ауылды көркейтуге әбден болады деп ойлаймын! Осы орайда, Алла баршамызды бір мақсат жолында біріктіріп, ісімізді нәтижелі қылғай!

Айбатыр Сейтақ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

және Журналистер одақтарының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале