11.07.2018, 16:24
Оқылды: 34

Ханкөл ауылында дала қызықтары өткізілді

Елордасы Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне орай, Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ханкөл ауылында дала қызықтары ұйымдастырылды.

 Мерейлі мереке аясында өткен шараның салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев ауыл тұрғындарын Астана күні мерекесімен құттықтап, тәуелсіздігіміздің арқасында жеткен жетістіктерді атап өтіп, еңбегі елеулі азаматтарға алғыс хаттар табыс етті.

Ел мақтанышы Астана қаласының мерейтойына арналған мерекелік бағдарламасын ұсынған ауылдық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары патриоттық бағыттағы рухты туындылар орындап, әсем қала Астана туралы әндер шырқады.

Кең көлемде өткізілген шара барысында тай жарыс, гір тасын көтеру, арқан тартыс, қой көтеру сынды сайыстармен қоса, лотерея билеті ойнатылды.

Мерекеге жиналған жұртшылықтың делебесін қоздырған тай жарысының нәтижесінде жарысқа қатысқан 8 тайдың ішінен дара шапқан ханкөлдік Қасым Қойшекеновтың  «Нұрқасқа» атты тайы І орынды еншіледі. Жүлделі ІІ орынға жусандыойлық Нұрболат Амангелдиевтің «Абырой» атты тайы табан тіресе, ІІІ орынды Жусандыой ауылынан Манарбек Жұмабековтің «Саргүл» атты тайы місе тұтты.

Дала қызықтарының көрігін қыздырған арқан тартыста Ханкөл командасы жеңіске жетсе, гір тасын көтеру мен қой көтеруден жусандыойлық Дидар Мұхитовқа тең келер ешкім болмады.

Сондай-ақ, мерекеде округ бойынша аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға мерекелік қоржын ұйымдастырылды.

                Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале