17.01.2018, 14:57
Оқылды: 25

Ынтымақ ауылында жарық жиі сөнеді

Тасқала ауданы бойынша 18 елді мекенде есептік жиын өтті.  

Достық ауылына қарасты Ынтымақ ауылында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары А.Баяндықов,  ауылшаруашылық бөлімінің  басшысы С.Шүкіров және «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ аудандық филиалының  маманы Н.Төлешев қатысты.

Округ әкімі Ә.Ташимов жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.

Жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді алға тартты. Әсіресе, тозығы жеткен электр желісінің жиі үзілуінен жарық сөніп, ынтымақтықтардың  берекесін қашырған. Соның салдарынан электр тогымен істейтін біраз тұрмыстық техникалары істен шыққанын тұрғындар қынжыла жеткізді.

\-Ток желісі ескі, қолдан келген жұмыстарды жасап жатырмыз. Ал, егер жанып кеткен телевизор болса оны да жөндеп береміз. Болашақта ажыратқыш қойып, шама келгенше күшті осы жерге салатын боламыз,- деді аудандық электр жүйесінің маманы  өз сөзінде.

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді аудан басшылығына жеткізіп, сол бойынша жұмыстанатынын жеткізді. Жиын түс ауа Бастау ауылында жалғасын тапты. Мұнда тұрғындар ауылда дүкеннің жоқтығын тілге тиек етіп, балалардың оқуына алаңдайтындықтарын да жасырмады. Себебі ауылдағы бастауыш мектепте жалғыз мұғалім.

-Мұғалімді аудан орталығына жиі шақыртатындықтан сабақ қалып қойып жатады. Сол себепті оқушылар бағдарламадан қалып қоя ма деген ой бізге маза бермейді. Қазір балаларымыздың білімі жаман емес. Сондықтан осы мәселені аудандық білім бөліміне жеткізуіңізді сұраймыз,-деді Ж.Аманбаев ақсақал.

Жиын соңында округ әкімінің жұмысына оң баға берілді.

Н.ЖӘРДЕМОВА,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале