15.01.2021, 15:21
Оқылды: 285

Юсуф Мероғлы бастаған «соғыс»

2000 жылдардың басы. Ол кезде көп үйде теледидар жоқ. Теледидар түгіл жарық жоқ. Үйде Кеңес үкіметінің көзіндей болған ескі «Рекорд» бар еді. Тым жақсы көрсетіп тұрып, быжылдап кететіні бар енді. Ондайда әкем дәу жұдырығымен төбесінен «төмпештеп» жібереді. Қалпына келе қалады. Кейде жаңалық айтып отырған журналистің суреті ирелеңдеп, қайта жоғалып кетеді.

f5690b26f6659fbe6ec65cc60e9afc14

Ескі болса ескі болсын, сол уақытта мен үшін дөңгеленген дүниенің есігі сол ақ-қара «Рекорд»-тұғын. Сол теледидардан алғаш рет айтысты көрдім, қазақ ақындарын таныдым.

Бірде күндегі әдетпен ойыннан келе сала, «Рекордтың» алдына жата қалдық. Кино болып жатыр екен. Ірі денелі, бұйра шашты жігіт қабағын түйіп алып, бір жерге кетіп жатыр. Ұзын бойына шақтап киген ұзын пальтосы да оны айбарлы қылып тұр. Мәссаған! Ол кенет шалбарының белінен жарқыраған тапаншаны суырды. Суырды да біреудің маңдайына тақады. Ал, керек болса... Мынау қандай керемет кино?

Кейін білдік, бұл сериалдың аты «Асау жүрек» екен. Түріктер түсіріпті. Бәсе, латын-американдық сериалдардағыдай емес, кейіпкерлерінің тілі қазақ тіліне ұқсайды-ау?! Басты кейіпкердің, манағы ұзын шұбалақ пальто киіп, қабағын түйіп жүретін жігіттің аты – Юсуф Мероғлы екен. Кейін, асау жүректі сол Юсуф «ағамыз» пальто, плащты кезек киіп жүріп, талай «ерлік жасады». Жолдастары Сабри мен Иылмазды ертіп алып, атысуға да барды. Торғай Атажанды киімілгішке де асып қойды. Табыттың да ішінен шықты. Істемегені жоқ. Өзі де көресіні көрді. Талай рет оққа ұшты. Ғашығы Зейнепке қосылған күні жаулары тойға келген жақындарын тікұшақтан оқ жаудырып, қырып тастады. Юсуф бәрінің қабірін жалғыз өзі қазды. Кейін «Қара дәуіт» болып кегін алды.

«Асау жүрек» – түрік режиссері Осман Синайдың атыс-шабыс жанрындағы жауһар туындысы. Экранға алғаш рет 1998 жылы шыққан. Бұл сериалда басты рөлді ойнаған Кенан Имирзалиоғлы – бұрын әлемдік сән подиумдарында жүрген модель еді. Оның кинодағы алғашқы қадамы «Асау жүректен» басталды. Сол қадамы сәтті болып, Кенан кейін түрік киноиндустриясында жоғары сұранысқа ие актерға айналды.

Қара теңіздің жағасында ішкен қара шай

4148461

2000 жылдардан кейін қазақ арналары түрік сериалдарын көптеп көрсете бастады. «Қыналы қар», «Бериван» сериалдары қазақ көрерменіне түріктердің салт-дәстүрін, тұрмысын таныстырды.

«Ұрылар ұрлыққа «Қыналы қар» болып жатқан кезде шығады екен» деген әзіл әңгіменің астарында шындық бар еді. Түрік сериалдары қазақ көрермендерін жанұясымен экран алдына жинады.

Тек – тамырымен, салт-дәстүрімен, тұрмысымен, ауыл-қыстақтарын билеген төрелердің өмірімен таныстырып болған түріктер жаңа сериалдары арқылы көрермендеріне шаһарларын таныстыра бастады. «Мың бір түн!-», «Маусым түні», «Дениз», «Сырлы Стамбул», «Жапырақтар жауғанда...», «Фатмагүл» сияқты сериалдар Стамбұл қаласының тарихи және заманауи келбетін көрікті, Измир мен Анкараның ажарын айшықты етіп көрсетті. Елді кино арқылы жарнамалау әдісі өтімді болды. Сол кезде қанша адам Қара теңіздің жағасындағы, ашық аспан астындағы кафеде отырып, түріктің қара шайын ішуді армандамады екен?

2010 жылға жақын түрік режиссерлары экранға түріктің жаңа қаһарманын шығарды. Оның аты – Полат Алемдар. Қарапайым адам болып өмір кешіп жүрген Әли Жанданның алдына тағдыршешті таңдау тұрады. Ол келіседі. Әлидің өлімі қолдан ұйымдастырылады. Жақындары оны өлдіге санайды. Ол болса, пластикалық ота арқылы түр-келбетін өзгертіп, өмірін Полат Алемдар болып жалғастырады. Әли Жандан жанұясын, сүйгенін Отанының жолында қиып, осындай ерлікке барады. Полат Алемдер қылмыс әлемінің серкесіне, кейін «көкжалдар мекенінің» көшбасшысына айналады.

Режиссер Раджи Шашмаздың түсірген фильмінің әр сериясының басында «Фильмдегі оқиғалар мен адам есімдері ойдан шығарылған!» - деп айтылса да, көрермен әр эпизодтан, әр кейіпкерден бүгінгі заманның шындығын табады.

Абдулла Чаатлының есімі түрік халқына саясаткер, ұлттық қаһарман ретінде белгілі. Кешегі ғасырдың 80-90 жылдары түрік барлау қызметінде агент болып қызмет еткен Чаатлы мырза «Көкжардар» қозғалысына мүше болады. Оның түрік халқының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жасаған еңбегі зор екен. Ол астыртын түрде қылмыс әлемінің «заңымен» әрекет еткен. «Асала» террористік ұйымын жойып, Түркиядағы есірткі саудасын қаржыландырушылармен да «есептескен». Айтпағымыз, «Көкжалдар мекеніндегі» Полат Алемдар бейнесі – осы Абдулла Чаатлының прототипі екен. «Ойдан шығарылған» шындық – осы!

«Көкжалдар мекені» - тек фильм емес, Түркияның саяси позициясы жайлы ақпараттық өнімге де ұқсайды. Бұл фильм әлемнің көп мемлекетінде дипломатиялық дау тудырған. ADL еврей ұйымы кинотуындыны израйльдіктерге жала жапты деп айыптаған. Тіпті Израйльдегі түрік елшісі сол елдің Сыртқы істер министрлігіне, жауапқа шақырылған. Бірақ, Израйль кейін Түркиядан кешірім сұраған. Германия «Көкжалдар мекенін» кинопрокаттан алып тастауға мәжбүр болған.

Бұл фильмде сонда қандай саяси салмақ бар?

- Басты рөлде Неджати Шашмаз ойнаған «Көкжалдар мекені» телесериалы 2006-2007 жылдары беріле бастады. Фильм әлі түсіріліп жатқан секілді. Кейін, ғаламтордан іздеп, 300-інші сериясына дейін көрдім. Басында қылмыскерлер жайлы атыс-шабыс жанрындағы дүние болып көрінгенмен, фильмнің түпкі негізінде патриоттық сарын жатыр. Полат Алемдер өзінің ақыл-қайраты, күш-қуаты, былай айтқанда рухы арқылы тек қылмыс әлеміне емес, тұтас Отанына қайраткер ретінде мойындалады. Кейінгі сериалдарда Таяу Шығыстағы оқиға ашық көрсетіледі. Еуропа елдеріндегі саяси оқиғаларға Түркия мұсылмандар елі ретінде пікір білдіреді, - дейді сүйікті сериалы туралы көрермен Сембай Ихсанов.

«Ғажайып ғасыр» - таңғажайып долларлар...

Тұрмысын, туристік қалаларын таныстырған Түркия кейінгі жылдары әлем үшін «Түркия тарихы сабағын» бастады. «Ғажайып ғасыр» киножылнамасы шын мәнінде түріктер үшін өте сәтті жоба болды. Біріншіден, олар тарихтарын түгендеп, бүтіндеп, қағаз бен хатта жатқан деректің бәрін экрандап, ұрпағына ұлы мұра дайындап алды. Екіншіден, тұтас әлемнің алдында өздерінің түп-тегінің, өркениетінің қандай екенін көрсетті.

«Ғажайып ғасыр» киножылнамасы 4 маусымнан тұрады. Сценарий авторы Мерал Окайды Сүлеймен Сұлтанның ел басқару ісіндегі қайраткерлігі, оның славян нәсілді Александраны гареміне алдыруы, сұлтан мен кәнизактің арасындағы махаббат дастаны қызықтырған деседі. Кейін Александра ислам дінін қабылдап, империяның беделді ханымы Хюррем хатунға айналады. «Ғажайып ғасырда» Көсем хатунның да ел үшін жасаған ерен еңбегі, Ахмед сұлтан мешітінің салдырған І Ахмет сұлтанның да, «Шығыстың Нероны» атанған қанішер VI Мұрад сұлтанның да, басқа да тұлғалардың бейнелері бар. Топқапы сарайындағы ғасырларға созылған тақталастықты да ашық көрсетеді бұл туынды. «Осман бей», «Ер – Тұғырыл», «Абдул - хамид» сияқты фильмдер де Осман империясының алтын парақтары сияқты қадірлі дүниеге айналды.  «Ғажайып ғасыр» әлемнің 50 мемлекетінде көрсетілген. Ал, жалпы түрік сериалдары жер шарының 150 мемлекетін жаулаған. Ол ол ма, түріктің кинотуындылары жылына 350 миллион доллар пайда тауып, Голливуды бар АҚШ-тан кейін екінші орында тұр екен. Оны елдің мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсойдың өзі мәлімдеген. Бұл табысқа, кино-сериалдарды көріп алғаннан кейін, «Стамбулды көзіммен көріп, Қара теңізге шомылып қайтайыншы!» дейтін туристерден түсетін пайданы қосыңыз!

2012 жылы қазақ арналары күніне 10 сағат түрік сериалдарын көрсеткен. Қазір Qazaqstan ұлттық арнасында жүріп жатқан «Келін әлі», «Біздің әпке», «Елшінің қызы» сериалдарын есепке алсақ, бас арнаның өзі күніне 5-6  сағат қазақтың емес, түріктің өмірін, мәдениетін насихаттап отыр деуге болады.

Не берді, не алды?

Түрік сериалдары қазаққа не берді, не алды? Оларды қарау ұлтқа зиян емес пе?

Не берді, не алды деген сұраққа жауап іздейік. Не берсін? Салт-дәстүр, мәдениеттерінің бір бөлігін берді. Осы мәселені Facebook – тағы жеке парақшамда талқылап көргенмін. Журналист Дариға Нұрашева: «Түрік фильмдерін қарамаймын. Бірақ, ортама қатты әсер етіп жатқанын байқаймын. Жастардың арасында түріктердің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сүйсіне әңгімелейтіндер көбейген сияқты. Киім киісте де түрік киімдері озып тұр. Рамазан айында байқағаным, қазақ әйелдерінің көбі ауызашарға түрікше киініп келіп жүрді», - деп пікір жазды.

Ал көгерістік оқырманымыз Байжан Ізімовтың мына пікірі бөлек бір мақалаға жүк болардай:

- Түріктер расымен бауырлас мемлекет. Оған сөз жоқ! Бірақ, біз қазақпыз ғой. Неге біреуге жағынуға, еліктеуге құмармыз. Бізге неге еліктемейді десем, тағы ыңғайсыз. Қазақты танытатындай не жасадық?

Біраз жыл бұрын шетелдің «Три метра над уровнем моря» атты киносы жайлы жазба жарияладым. Сол кинода кейіпкерлер махаббатымыз берік болсын, арамыз ажырамасын деп көпірге кілт тағады. Сол ырым бүгін қазақ жастарының «ұлттық дәстүріне» айналды. Үйленіп жатса, көпірге құлып тағады. Оралдағы Шаған көпірі кілт-құлыптан самсап тұр. Бұл нені білдіреді? Жастар өзге елдің наным-ырымын қабылдап жатыр.

Енді түрік сериалдарының алдынан шықпаймыз. Мен айтты демессіздер, бірақ ертең жастарымыз жол жүріп бара жатқан адамның артынан су шашып тұрмасын! - дейді ол. Ащы болса да, асыл пікір!

Демек, саналарды жаулау, түріктендіру «соғысын» 2000 жылдары «Юсуф Мероғлы» бастаған болып тұр. Оны «Полат Алемдар» жалғастырды. «Сұлтан Сүлеймен» әлемге «майдан» ашты. Сол «соғыс» алғашқы жеңістерін тойлап та жатыр.

Ал не алды деген сұраққа келейік. Асылымызды алды. Аруларымызды алды. Осы мақаланы жазуға дайындалып жүргенімде, атын атауды құп көрмеген бір таныс ағам жұмыстасының қызының алып-ұшып Түркияға барып, түрік жігітінен екіқабат болғанын, қыз елге келіп, бірақ ана болар шамада Анадолы еліне кеткенін айтты. Таныс қыздың «Түріктің әуеніне, өміріне, тіпті Қара теңіздің жағасындағы қара баласына басым кетіп жүр!» - деген жазбасын көріп, езіліп кете жаздадым.

Бұл нені  білдіреді. Түріктер кинолары арқылы жігіттерін ар сақтағыш, салмақты, аруды қадірлейтін сырбаз етіп көрсетті, былай айтқанда әлемнің алдына түрік жігітін бренд қылды. Ал олардың ішінде қылмыскер, нашақор, жетесіздер, зинақорлар жоқ деп кім айтты? Болар. Дегенмен, ол жағын көрсетпейді. Қай киносында да некеге дейін қалыңдығының белінен де құшақтамайтын азаматтар бар. Бір байқағанымыз, түрік киноөнімдері төсек эпизодтарынан мейлінше алыс. Бірақ, бұл өмірде олардың тақуа екендіктерін білдірмейді.

«Ердоғандай ер қайда?»

«Бір қайғыны ойласаң, Мың қайғыны қозғайды» - деп Абай айтқандай, бір мәселе бір мәселені қозғайды. Аштық, қырғында Алтай мен Орынбор асқан алаштың баласы Тәуелсіздік таңы атқасын, атажұртқа оралып еді-ау?!.. Сол көшке ұлы көш деп ат беріп едік. Тыныш жерден, бейбіт елден тағы бір «ұлы көш» қозғалды. Түркияға қарай. Бейнебаян түсіруден басталған сапарлардан қорқып едім. Қорқынышым келді. Елдің белді-беделді тұлғалары Анталиядан алған үйімен мақтанып, «Өмір осы жақта!» - деп, өзі барғанымен қоймай, басқаны шақыруда. Бұл көш бір-екі адамның кетуімен тоқтай ма? Жоқ! Осындайда Баян Өлгейден келген Серік Қуанған деген ақын бауырымның «Атажұртқа оралған біз жақсымыз, Ататүрік еліне кеткендерден!» - дегені ойға оралады. Түркияға барудағы мақсат - оқу, бизнес, туризм болса, онда әңгіме басқа. Ал, атамекенді айырбастап кетсе...

Жастардың арасында «түрікшілдер» ғана емес, «ердоғаншылар» да көбейді. Түркияның Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның мемлекетінің өсіп-өркендеуіне, әскери қуатының артуына, мұсылман әлемінің амандығына, тұтас түркі халықтарының бауырластығына сіңірген еңбегі бар әрине. Сол үшін бүкіл мұсылман оны құрметтейді. Бірақ...

«Ердоғандай патшам болса!», «Ердоған түркі халықтарын біріктіреді. Біз соларға бағынуымыз керек!» - деген сөздерді өзім орынсыз деп ойладым. Аллаға шүкір, егемендігіміз бар, жеріміз  бар. Қазақты қазақ басқарып отыр. Басқа не керек?

«Ердоған қазақты қорғаймын депті», «Ердоған Бораттың әкесін танытам депті» - деген ешқандай авторы, дереккөзі жоқ ақпарат интернет кеңістігінде толып жүр. Қазақ тіліндегі бұл негізсіз ақпараттарды қай қазақ жасап, не үшін таратып отыр? Неге қазақ қоғамы үшін Ердоғанды мысалға қойып, одан идеал жасайды. Жұмбақ!

Әрине, мынадай алмағайып заманда Қазақстанға жақсы саяси одақтас керек. Одақтасыңмен тек саяси көзқарас емес, тіл, дін, түп біріктірсе тіпті керемет! Бұл тұрғыда бізге Түркиядан артық ешкім жоқ!

Түріктердің атамекеніміз – Қазақ даласы дегені рас. Шәкәрімнің Құдайбердіұлы тарқатқан шежіресінде:

- «...Қаңлы сөзінің мағынасы - арбалы дегенді білдіреді.

Ескі заманда түрік халықтары Алтайдан күнбатысқа қарай көше берген. Сол түріктің Сақа деген халқы Алатаудың күнбатысында жүрді. Б.д.д. 130 жылдары тибеттіктер шабуыл жасап, олар тағы да күнбатыс жаққа жылжиды, олардың бір табы Қаңлы руы болды. Бұл жақтағы түрік халықтарын еврей жазушылары кейде Скиф, кейде Сақа деп айтады. Онан соң 1219 жылы Шыңғыс Хан әскері Орта Азияға келгенде, әр ел толқып тағы көш басталады. Сонда, жоғарыда айтылған Қаңлы табы, ханы Қайы Хан бастап 50 мың үй болып Рұм (Рим) жеріне барады.

Біраздан соң соғыс басылған кезде, Қайының баласы Сүлеймен, елін алып қайта келе жатқанда, Ефрат дариясында суға кеткен. Сүлейменнің баласы Тоғұрыл (Тұғырыл) 400 үйдей елімен Таманшы жерінде қалады. 1272-жылы 90 жасында Ер Тоғұрыл қайтыс болып, орнына баласы Ғұсман болады. Ол мықты батыр болып айналасындағы елдерді бағындырады. 1300-жылы бөлек хандық (сұлтанат) құрады, содан бастап Ғұсман (Осман) Империясы басталады, еуропалықтар Оттоман Империясы деп атайды, халқы Ғұсман жұрты деп аталып кетеді...Өткен ғасырдағы революция кезінде, Осман (Ғұсман) жұрты өздерінің бұрынғы аты, түп атасы атымен Түрік аталып, мемлекетін Түркия атайды. – делінеді.

Мұны түріктер біледі, мойындайды әрі мақтанышпен айтып жүреді. Белгілі түрік актері Бурак Озчевит Қазақстанға келіп, сұхбат бергенде: «Қазақстан – біздің атамекеніміз. Біздің аталарымыз осы жақтан көшкен» - деп еді.

Түйін

 Иә, түптің түбінде мұсылмандар бірігеді. Ұлы бірігу түркі халықтары бастауы ғажап емес. Күндердің күні Тұран Одағының да туы көтерілер, түркі баласы бір тудың астына жиналар. Қазақстанның да бәрін ысырып қойып, «ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі болған» Түркістанды облыс қылып, тарихи шаһарды көркейтуге жанталасып жатқанына саяси мән бар. Бұл – Түркінің туы қазақ жерінде тігілуі керек деген жанталас болуы мүмкін.

Бірігерміз, одақтасармыз! Бірақ, біз өзімізді мұсылман ретінде ғана емес, қазақ ретінде, ұлт ретінде сақтап қалуға тиістіміз. Жерімізді, тегімізді сақтаймыз деп одақтасып, жерден, тектен де айырылып қалсақ не болады? Айтпағымыз осы!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале