30.07.2018, 10:14
Оқылды: 34

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер түсіндірілді

г-1070-12018 жылдың қаңтар айынан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту және базалық, ынтымақты зейнетақы мен басқа да жәрдемақы түрлерін есептеуге байланысты өзгерістер енгені баршаға аян. Осы және өзге де зейнетақы жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы ауданымызға арнайы келген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ БҚО бойынша филиалының басқарма басшысы Райхан Ибраева кеңінен әңгімелеп берді.


Сонымен осы уақытқа дейін ерлер 63 жас, ал, әйелдер 58 жаста зейнетке шыққан болса, қаңтар айынан бастап нәзік жандыларымыздың зейнет жасы жыл сайын алты айға ұзартылды. Осылайша 2027 жылы ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы теңеседі.

Тағы бір өзгеріс, биылғы жылдың шілде айынан бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақыны есептеу тәртібі жаңарды. Бұдан былай базалық зейнетақыны белгілеу кезінде тек еңбек өтілі ғана есепке алынады. Мәселен, егер бір адам кем дегенде 10 жылдан аз жұмыс істеген болса оған қазіргі ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызы, яғни, 15 274 теңге тағайындалады. Егер жиырма жыл болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайызы, ал, отыз жыл құраса, 94 пайыз көлемінде зейнетақы тағайындалады. Жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, базалық зейнетақы мөлшері 100 пайыз көлемінде толық беріледі. Сондай-ақ зейнеткердің 1998 жылға дейін қалыптасқан еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударылған жарналары да есепке алынады.

г-1070-2 біріктіруАл ынтымақты зейнетақыны толық мөлшерде алу үшін 1998 жылдың бірінші қаңтарына дейін әйелдерде еңбек өтілі 20, ерлерде 25 жылды құрауы керек. Егер бұндай мерзім аралығында еңбек өтілі тіркелмеген немесе алты айдан төмен болса, азаматтар ынтымақты зейнетақыға қол жеткізе алмайды. Дегенмен бұлардың базалық негізде зейнетақы алуға құқығы бар. Сондай-ақ бес және одан да көп бала туған не асырап алған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жастан зейнеткерлікке шыға алады. Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті бағып отырған ата-аналар үшін жаңа мемлекеттік жәрдемақының енгізілгенін де айта кетейік.

Ескерте кететін жәйт, қайта есептеуді жүргізу үшін зейнеткерлерден қосымша құжат талап етілмейді және 1960 жылғы бірінші қаңтар мен 30 маусым аралығында дүниеге келген әйел адамдар құжаттарын биыл тапсырып үлгерулері керек. 30 маусымда дүниеге келген азаматшалардың 31 желтоқсанға дейін уақыттары бар. Егер алты айдан асырып құжат тапсырылса, зейнеткерлікке шығу мүмкіндігінен айырылады.

Кездесу барысында қатысушылар толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале