25.09.2017, 12:53
Оқылды: 26

Зеленов ауданында ауыл күні мерекесі өтті

Жазғы егіс жұмыстары аяқталып, ел арқасын кеңге сала бастаған шақта Зеленов ауданы Январцев ауылдық округі әкімдігі мен сол жерде кәсіп етіп отырған шаруашылықтар бірігіп, ауыл күні мерекесін ұйымдастырды.


Ақшаңқай киіз үй тігіліп, ауыл азаматтарына арналған тойға арнайы барған аудан әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды қайта жаңғырған ауыл күні мерекесімен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек етіп келе жатқан Сансызбай Махметұлы және Олег Викторович атты үздік мамандарды марапаттады.

Ауыл тұрғындарын шаттыққа бөлеген мереке барысында ауылда қызмет атқарып отырған «Заман» шаруа қожалығының басшысы Абай Жанғалиев та тұрғындарды құттықтап, өз шаруашылығы жұмысшыларын марапаттады.

Облыстық жастар шығармашылығы орталығының өнер ұжымы январцевтық ағайынға тамаша әндері мен билерінен шашу шашса, округке қарасты елді мекен тұрғындары мен мектеп оқушылары арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеге биылғы жылғы бақша дақылдарымен қатар ауыл шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындылары қойылған. Ауыл азаматтарының дүркіретіп жасаған тойында палуандар күресі де білек күшін сынасқандардың сайысы да гір тасын көтерген білекті жігіттердің тартысы да болды. Ауыл кәсіпкерлері әр сайыста жеңімпаз атанған жігіттерге қомақты сый жасады.

Елбасымыздың қалталы азаматтар қолынан келгенше өзінің туған жеріне көмек беріп тұруы керек деген тапсырмасын орындап отырған январцевтық кәсіпкерлердің ісі басқа ауылда еңбек етіп отырған қалталы азаматтарға үлгі болсын.

Түгелбай БИСЕН

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале