4.06.2018, 14:57
Оқылды: 21

Зеленов ауданында интеллектуалдар сайысы өтті

Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Туған жер - тұнған шежіре» атты интеллектуалдар сайысы оздырылды.

 Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасын арқау еткен сайыс оқырмандардың туған өлке тарихын зерделеу, ата-бабадан жалғасқан асыл мұраны құрметтеу, тарихи тұлғаларды, тарихи-мәдени ескерткіштерінің құндылығын қастерлеу бағыттарын көздеді.

Мазмұны терең шараға Қ.Аманжолов, Дариян қазақ  мектебі мен Камень орта мектептерінің ұстаздарынан құралған командалар қатысты.

Бес кезеңнен тұрған сайыс барысында қатысушыларға туған жер тарихына қатысты сауалдар мен аудан кітапханасының оқырмандары тарапынан қойылған бейнесұрақтар ұсынылды.

Шара қорытындысында аудан тарихы жайында терең білім-біліктіліктерін көрсете білген Қасым Аманжолов атындағы мектеп ұстаздарының командасы интеллектуалды ойынның финалдық кезеңіне жолдама иеленсе, аталмыш ұжымды алға сүйреген Динара Кужумова ұйымдастырушылар тарапынан берілген арнайы алғыс хатқа ие болды.

Сайыс соңында ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірген аудандық тарихи-өлкетану мұражайы директорының міндетін атқарушы Нұржан Дүзбатыров қатысушыларға дайындықты әлі де болса пысықтай түсу керектігін ескертті.

Ұйымдастырушылар алқасы интеллектуалды шараға басқа да ұжымдарды қатыстырып, ойынды ауданның басқа да ауылдарында өткізуді жоспарлап отыр.

 Назерке ТАЛҒАТОВА,

Зеленов ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале