19.06.2018, 22:02
Оқылды: 34

Зеленов ауданында көктемгі егіс жұмыстары аяқталды

1493181979_article_b_1500_Көктемгі егіс жұмыстары аяқталды. Зеленов ауданының шаруалары да дақылдарын егіп болғанымен, даладағы жұмыс бір тоқтамайды. Өйткені шөп шабу науқаны келіп қалды.

Биыл ауданның барлық егіс көлемі 235900 гектарды құрап отыр. Аяқталған көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысында егілмек жердің 229600 гектары өңделіп, қажетті дақыл жерге түскен. Бұл барлық жұмыстың 97,2 пайызы орындалғанын көрсетеді.

Биыл аудан шаруалары жаздық дәнді дақылдарды 102100 гектар жерге егуді жоспарлаған болатын. Дегенмен жұмысты асыра орындаған олар жаздық дәнді дақылды 105523 гектар жерге сепкен. Ол белгіленген жұмыс 103,4 пайызға орындалды деген сөз. Жаздық дақылдардың әрқайсына жеке тоқталар болсақ. Егіс алқабының негізгі бөлігін жаздық бидай алып жатыр. Шаруалар биыл ол дақылды 68000 гектар жерге егуді жоспарлағанымен межені асыра орындап, 80969 гектарға жеткізіпті. Бұдан бөлек шаруалар ноқаттың да егу көлемін ұлғайтқан. Биыл жоспарланған 400 гектар жердің орнына 1815 гектарға  ноқат егілді. Дегенмен белгіленген жоспарлы жерге жетпей қалған дақылдар да бар. Атап айтар болсақ,шаруалар тары мен арпа және сұлыны жоспарға жеткізбей сеуіпті.

Жаздық дақылдарда жоспар асыра орындалғанымен, майлы дақылдарды егуде тежеу бар. Өйткені барлық майлы дақылдың егілген жері 26448 гектарды құрап отыр. Ал жоспарда 31700 болған. Аудан шаруалары майлы дақыл ішінде күнбағысқа көп көңіл бөлетіндей. Биыл оны 25830 гектар жерге егіп тастаған. Бұл жерге түскен барлық майлы дақылдардың 97, 67 пайызын құрап отыр. Мамандар майлы дақылдардың егіс көлемі азаюын ауыспалы егіс технологиясының сақталуымен түсіндіреді. Өйткені майлы дақылдар егілген жер бір жыл демалуы керек. Сондай-ақ гербецидтер мен зиынды шөптердің көзін жою жұмыстарына да көңіл бөлінгені дұрыс екенін айтады ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары.

Бұдан бөлек шаруалар мал азықтық дақылдарға да жақсы көңіл бөліп келеді. Дегенмен бұларға берілген жоспар да толық орындалмаған. Жыл басында 56930 гектарға мал азығын екпек болған диқандар қазіргі таңда 49016 гектар жерді өңдеп, егуді аяқтаған.

Картоп пен көкөніс және бақша дақылдарын егіп жатқан шаруалар белгіленген жоспарды толық орындап шыққан.

Күздік бидай да жоспардан асырыла егіліпті.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале