25.06.2018, 14:29
Оқылды: 21

Зеленов ауданында облыс аудандары арасында футболдан жарыс өтті

DSC_0041Зеленов ауданының «Шаңырақ-Дос» футбол командасы Астананың 20 жылдығын ерекше атап өтті.

Команда жетекшісі Нұрбек Жағалиев шағын футболдан аудандық ашық турнир ұйымдастырды.

Екі күнге созылған футбол жарысына өңіріміздің аудандары мен Орал қаласынан барлығы 12 команда қатысты.

Осы ретте жеңіске деген жігер танытқан аяқдопшылар көрерменге қызықты ойындар ұсынды.

Күннің ыстығы да ойыншыларға кедергі бола алмады. Барлық командалар өздерінің үздік ойындарын көрсете білді.

Жарыс қорытындысында өз тобында үздік екі орынды иеленген Қазталов, Жаңақала, Тасқала, «Шаңырақ-Дос», «Жасыл ел» және Подстепное командалары плэй офф бәсекесіне тікелей жолдама иеленсе, Шыңғырлау мен Оралдан келген «Целеон» командалары топтарында үшінші орын иеленген командалардың ішінен үздік шығып, жүлде таласына түсуге мүмкіндік алды.

Жарыстың плэй офф кезеңі де қызықты өтті. Жеңілсе бар мүмкіндіктен айрылатындығын білген ұжымдар барын салды. Нәтижесінде шыңғырлаулықтарды жеңген Қазталов, «Целеонды» ұтқан Жаңақала, Тасқаланы қапы қалдырған «Жасыл ел» мен алаң иелері «Шаңырақ-Дос» командасынан басым түскен Подстепный жартылай финалға өтті.

Жарыстың шешуші кезеңі де қызыққа толы болды. Қорытындысында Жаңақала мен Подстепный командалары бас жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алса, үшінші орын жүлдесін «Жасыл ел» мен Қазталов командалары сарапқа салды. Бұл ойында қазталовтық аяқдоп шеберлері жеңіске жетті. Ал финалда кездескен Жаңақала мен Подстепное арасындағы тартысты ойын қорытындысында теректілік жігіттер жеңіске жетті.

Сондай-ақ ұжымын алға сүйреп, жеңіске жетуіне сүбелі үлестерін қосқан ойыншалар да марапатталды.

Атап айтар болсақ, жарыстың «Үздік қақпашысы» аталымы қазталовтық Мерлан Қажымұратовқа, «Үздік қорғаушы» атағы Жаңақала командасының ойыншысы Асхат Баққалиевке, «Үздік шабуылшы» тағы бір жаңақалалық ойыншы Бауыржан Лұқпановақа бұйырса, «Үздік ойыншы» аталымы Подстепный командасының көшбасшысы Азамат Ибатовқа бұйырды.

Жеңімпаз-жүлдегерлер мен және үздік ойыншылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырған шараның басты ұйымдастырушысы, аудан командасының жетекшісі Нұрбек Жагғалиевтың аталмыш жарыстың өтуіне тигізген үлесі зор.

 Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале