6.06.2018, 10:42
Оқылды: 104

Зеленов ауданында облыстық «Үздік механизатор» байқауы өтті

DSC_0407Зеленов ауданы Переметный ауылында «Үздік механизатор» облыстық байқауы өтті. Оған өңіріміздің барлық аудандарынан келген кәсіптік колледждерде механизатор мамандығын оқып жүрген студенттер қатысты.

Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті ұйымдастырған еңбек мерекесінің басты мақсаты - кәсіптік колледж студенттерінің даярлық деңгейін бағалап, өндірістік оқыту шеберлерін айқындау, жастар арасында жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылықты оятып, ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтардың беделін арттыру.

Өңірдің үздік жас механизаторларының басын қосқан шараның ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова:

- Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухан жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілетті болу қажеттілігіне ерекше тоқталып, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалатындығын атап өтті.

ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу үшін кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіріп, елімізде жұмысшы мамандықтарға деген сұранысты арттыруымыз керек.

DSC_0365Бүгінгі төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге батыл қадам жасалуда.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында кәсіптік білім беру саласында жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды даярлау, оларды әлеуметтік, кәсіптік, өзіндік жұмыс жасай алу қабілеттерін дамытуда оқу орындары жұмыстанып келеді, - деді Шолпан Маратқызы.

Одан соң аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов сөз алып:

- Механизатор – ауыл шаруашылығындағы ең маңызды мамандардың бірі. Өңірімізде жастардың осы мамандыққа деген ықылас танытуы көңіл қуантады, - деді.

Сондай-ақ жас механизаторларға еңбек ардагері Қадырбай Абдушев та ақ тілегін жеткізді.

Екі күнге созылған жас механизаторлар сайысының алғашқы күні қатысушылар тест тапсырып, теориялық білімдерін сарапқа салса, екінші күні қатысушылар алған білім-біліктерін тәжірибе жүзінде көрсете білді.

Екі топқа бөлінген студенттердің бірінші алтылығы трактор рөліне отырса, екінші топтағылар жер жыртты.

Трактор тізгіндегендер техниканы орнынан қозғап қана қойған жоқ, түрлі маневрлар жасап, арба тіркеу, боксқа кіргізу сынды қиын тапсырмаларды да орындады. Жекелеген қатысушылар берілген қашықтықты «тез өтемін» деп кейін шегіну кезінде арнайы белгілерді (дабыл беру, жарықтарды қосу) орындамай, қауіпсіздік ережелерін бұзса, енді бірі ауыр техниканы еш асықпай әрі ұқыптылықпен жүргізіп, берілген шарттарды толығымен орындады.

Ал, жер жыртушы-қатысушылар болса, берілген аймақты орынды өлшеп, жер жырту құрылғысының сынын келтіру жұмыстарын мүлтіксіз орындады.

Үздік механизаторларды анықтау жарысында негізінен алғанда басымдық жер жырту сайысына берілді. Нәтиже көрсеткендердің жеңіске жету мүмкіндігі де осы кезеңде артты. Өйткені жер жырту үлкен шеберлікті қажет етеді.

Жарыс барысында техника (трактор) дөңгелегін жыртылған жерге түсіріп алып, қателіктерге бой алдырғандар да, сондай-ақ белгіленген аймақты жырту барысында мүлт кеткендер де болды. Десек те жас механизаторлар ұстаздарын ұятқа қалдырмады.

Еңбекке баулу мерекесі қорытындысында ІІІ орын Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Әлішер Омарға, ІІ орын Зеленов колледжінің намысын қорғаған Игорь Новеньковқа бұйырса, облыстың «Үздік жас механизатор» атағы мен жүлделі І орынды Рубежин колледжінің атынан сынға түскен Дарын Темірболатов жеңіп алды.

Барлық жеңімпаз-жүлдегерлер мен қатысушылар облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың қолынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар алды.

Сондай-ақ тәрбиелік мәні зор жарыстың жабылу салтанатына арнайы қатысқан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Дауылбаев байқауға қатысушы үздік механизаторларды дайындаған өндірістік оқыту шеберлерін марапаттады.

 Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале